ӘСКЕРГЕ БАРУ ӘРБІР АЗАМАТ ҮШІН МІНДЕТ
Отанды қорғау — қашанда қасиетті де қастерлі ұғым. Батырлықтың, ерліктің, қайсарлықтың белгісі.
Халық туған жерді ерлікпен қорғаған және қорғайтын азаматтарға, әскери борышын өтеушілерге әрқашан құрметпен қарайды. Дені сау ер азамат Отанын қорғауға қашанда дайын болу керек.
Жыл сайын Қазақстан Республикасының Президенті азаматтарды әскер қатарына шақыруды жариялайды. Оны ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.
Ата Заңымыздың 36 бабында «Қазақстан Республикасын қорғау — оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті.» деп атап көрсетілген.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 31 бабына сәйкес, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ 18-27 жас аралығындағы азаматтар шақыруға жатады.
Сарысу ауданында 2024 жылдың көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары басталды. Барлық ауылдық округтерге және Жаңтас қаласының әскери есепке жауапты мамандарына шақырылушылардың тізімі берілді.
Сарысу ауданы бойынша барлық ауылдық округтердің және Жаңатас қаласының шақырушылары қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келіп, медициналық тексерістен өтуі міндеттелді.
Алайда, соңғы уақытта азаматтарды әскери қызметке шақыру үлкен мәселеге айналуда. Әскерге шақырушылардың келу деңгейі баяу. Аудан әкімі бекіткен кестеге сәйкес 41 шақырылушы медициналық тексерістен өтуі тиіс.
Жалпы, әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 30 бабына сәйкес, шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі.
Осы Заңның 17 бабының 3 бөлігіне сәйкес, әскери міндетті орындаудан жалтарған тұлғаларды іздестіруді де ішкі істер органдары жүзеге асырады. Әскери қызметтен жалтару тиісті қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Осыған байланысты, әрбір аудан тұрғындары, азаматтар жүргізіліп жатқан шақыру науқанына түсіністікпен қарау керек.
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу әрбір азаматтың міндеті.