Ақын Жарасқан Әбдірашевтың жары Нәзігүл Нұрғали қызының естелігінен
«Ат айналып қазығын табады, Жарасқан айналып Нәзігін табады»
… Ұзақ уақыт өлең тумай, өз жанын өзі жеп, қайда қоярын білмей бір сергелдең күйге түсетін-ді. Ары-бері жүріп алатын. Не болмаса жанарын бір нүктеге қадап, үнсіз ұзақ отыратыны бар. Ондай сәттерде «жігітшілік» құрып, біраз уақыт «жолаушылап» кететін тұстары да болған. Сондай сәттерде туған: «Ат айналып қазығын табады, Жарасқан айналып Нәзігін табады» деген әзілге құралған өлеңнің астарында үлкен сыр жатыр. Әйелдікке салынып, жүрегіңді сәл-пәл болса да қызғаншақтық тырнап тұрса да, ақынның бар болмысы сол екенін, ағынан жарылған кейпіне қарап, жүрегің жылып сала беретіні бар. Үйдің, отбасының ішкі-сыртқы шаруасына орынсыз араласса, отбасы-ошақ қасынан ұзап шықпаса, менің ғана қасымда бол деген қисынсыз назыңды тыңдаса, ол ақынның шығармашылығы тоқырап қалмай ма?! Сондықтан да еркіндікті жаны қалап тұрған Жәкеңнің ешқашан алдына түсіп, кей қылығын бетіне басып ашуланып көрмеппін. Қаламы ақ қағаз бетінде жорғалап, көңіліндегісі қағазға түсе бастағандағы көңіл-күйі алабөтен. Нүктесі қойылған сәттегі шексіз бақыты… маңдайын жауып тұратын селдір шашын артқа сілкіп тастап, бір көңілді күйге енеді. Оның жүрегін жарып, болмыс-бітімін тірілтіп, жарық көріп жататын өлеңдерін үнемі оқып, зерделеп отыруға да уақыт табатынмын. Ондайда сол поэзиясынан өзімді де оңай әрі тез тауып алатынмын. Әсіресе, бір өлеңінде мені «Ақылдым» деп атаған екен, сол үрдістен шығу үшін, ақылды әйел бола түсу үшін де тірлік кештім ғой деп ойлаймын. Жағасын кірлетпеуге, қабағын кірбің шалмауына барымды салдым. Қанша дегенмен, тірі пендесің, үнемі ақынның қабағына қарап, сол жақсы көретін ісімен шұғылдансын деп, өзіңнің де тірі жан екеніңді есіңе салып өтетін «қылықтар» жаныңды ауыртып, ашу-ызаға булыққан тұстарым да болмады емес, болды. Ондай сәттерде Жәкеңнің мына бір шумағын қайта-қайта оқимын:
Қасыңда жүрсем қасқамын,
Алыста жүрсем басқамын.
Жасаған күнәм жетерлік,
Кешіре алсаң, кеш жаным.
Қасыңда жүрсем қағынам,
Алыста жүрсем сағынам.
Айыбым бастан асады,
Ақталмағанда не қылам?!
Өзіңсің гүлім, Нәзігім,
Өмірлік Темірқазығым.
Ақылдым егер түсінсең,
Ақынмын – осы жазығым! – деп ақталғандай болған бейнесін көремін де, бар ашуымды ұмытып, әндетіп шыға келемін.