АРЫСТА АЙБОЛ ӘЛІБЕКТІ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН БАҚ ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТ

Арыс қаласында мемлекеттік қызмет саласының майталманы Айбол Әлібекті еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасында облыстық спартакиада өтті. Жарыста Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан келген командалар өз бақтарын сынады. Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова сөз сөйлеп, ақпарат майталмандарын төл мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, Айбол Сабырханұлымен қызметтес болған ел ағалары мен ақпарат саласының ардагерлері, достары мен туыстары жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.
Сайыста 60-тан астам БАҚ саласының өкілдері спорттың 9 түрі бойынша сайысқа түсті. Атап айтқанда, шағын футбол, дойбы, асық ату, үстел теннисі, арқан тарту, ләңгі, қол күресі, гір тасын көтеру және шахматтан өзара кіл мықтыны анықтады. Нәтижесінде «Түркістан» телеарнасының командасы 1-орынды жеңіп алды. Жүлделі 2-орынды «Тұран-БАҚ» газетінің құрамасы иеленсе, «Ақпараттық талдау орталығының» командасы 3-орынға табан тіреді. Барлық жеңімпаздарға қаржылай сертификаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Жиын соңында Айбол Сабырханұлының рухына арналып ас берілді.
Айта кетсек, Айбол Сабырханұлы Арыс қаласының ішкі саясат бөлімін бірнеше жыл басқарған өз ісінің білікті маманы, мемлекеттік қызметте тәжірибелі еңбек еткен. Ол 2019 жылы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде отбасынан жырақта жүріп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Одан бөлек, 2020 жылғы пандемияда, 2021 қуаңшылық болған жылдары да батыстық ағайынға көмек ұсынуда істің басы-қасында болды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі