ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «КҮЙ ҚҰДІРЕТІ» КҮЙШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТІП ЖАТЫР

Бүгін Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы басталды. Облыстық «Фараб» кітапханасында өткен байқауды облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен өңірімізде руханиятқа, өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, облыстың барлық аймақтарында ақындар айтысы ұйымдастырылып, терме өнерінің дамуына жағдай жасалып, ұлттық құндылықтарымыз насихатталуда. Осы үрдістердің заңды жалғасы ретінде ұйымдастырылған бүгінгі байқауда байтағымыздың әр аймағынан келген 30-дан астам күйшілер бақ сынауда. Оңтүстік өңірінен шыққан дәулескер күйшілердің жарыққа шықпаған туындылары өте көп. Бұл байқаудың мақсаты – сол құндылықтарды қайта жаңғыртып, өзіндік орындау мақамымен қолданысқа енгізу, – деді өз сөзінде Бейсенбай Дәулетұлы.
Күй байқауында ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрінің көркемдік жетекшісі Батыржан Мықтыбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Темірбек Қазенұлы, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, «Халық күйшісі» төсбелгісінің иегері Мұрат Әбуғазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Нұрбек Тапалов, танымал дирижер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерлан Дәуренбеков және ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестірінің дирижеры Шыңғыс Исаев қазылық етуде.
Байқауға қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынасады. Алғашқы кезеңнің талаптары мен шарттарына сәйкес үміткерлер Сүгір Әлиұлының күйлерінен бір күй және Төлеген Момбековтың күйлерінен бір күй орындайды. Ал екінші кезеңде Айтқали Жайымовтың «Шалқыма», Ермұрат Үсеновтың «Майра», Нұрғиса Тілендиевтің «Ақсақ құлан» және Қаршыға Ахмедияровтың «Хамаң толғауы» күйлерінен билет бойынша біреуін таңдап, қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің сүймелдеуімен және жеке домбырамен орындайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі