«Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде тазалық жұмыстары жүргізіледі
Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында игілікті істер атқарылуда. Бүгін өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар ауқымды тазалық жұмыстарын ұйымдастыру жоспарлануда.
Атап айтқанда, Сарысу ауданында облыстың әр аймағынан жиналған 150-ден астам ерікті қатты жауын-шашын салдарын жоюға атсалысады.
Сондай-ақ валонтерлер Талас өзенінің жағалауын күл-қоқыстан тазартады. Бұл игілікті іс жастардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына және экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал етеді.
Бұл күні Тараз қаласының «Көктем» алқабында, Байзақ, Сарысу, Қордай аудандарындағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың бойында, саябақтар мен орталық көшелерде қураған шөптерді шабу жұмыстары жүргізіледі.
Бұдан бөлек, тұрғындар, белсенді азаматтар, еріктілер Тараз қаласындағы Талас, Жуалы ауданындағы Теріс өзені мен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының жағалауын қоқыстан тазартады. Белсенді қатысушылар марапатқа ие болады.
Жамбыл ауданында волонтерлердің, Таласта «Таза көше», «Таза аула» атты тұрғындардың арасында байқау ұйымдастырылады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Байзақ ауданының Қостөбе және Сарыкемер ауылдық округтерінің аумағында белсенді азаматтар, еріктілер, депутаттар Тараз-Сарыкемер жолының бойы мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазалап, көгалдарды шабу жұмыстарын атқарады.
Қордай ауданындағы «Барыс-2» базарында жаппай сенбілік ұйымдастырылады деп күтілуде.
Жалпы, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып, оған 500 мыңнан аса жамбылдық белсенді қатысқан. Оның ішінде, тұрғындар, ардагерлер мен жастар, ҮЕҰ өкілдері және түрлі мекеме қызметкерлері бар.
Акция аясында 320 мың м² әуежай, теміржол, автобекеттер мен автобус парктерінің, 206 мың м² отын-энергетика кешендерінің, 108 мың м² емдеу орталықтарының, 508 мың м² оқу орындарының, 280 мың м² шағын және орта кәсіпорындардың аумақтары күл-қоқыстан тазартылды.
818 шқ канал мен арық жүйесі, 125 мың тұрғын үй ауласы және 4,5 мың шқ көше тазаланды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. 2,4 мың ағаш бұталанып, 455 мың м² жасыл желек суғарылды.
Бұдан бөлек, 60 тарихи-мәдени ескерткіш пен 143 саябақ, сквер аумағына тұрақты түрде тазалық жұмыстары жүргізілуде.
12 мың тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 910 бірлік техника тартылды.