Әлеуметтік көмек алушылар 8 мыңға азайған
– Биыл еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 60 672 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған. Осыған сәйкес жыл басынан бері 33 963 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» мақсатында 14 331 жұмыс орындарын ашу жоспарланып, есепті кезеңге 4 947 жұмыс орны құрылды. Ал, электронды еңбек биржасы бойынша облыста 309 жоба енгізіліп, күні бүгінге дейін 156 жоба іске асты. Соның нәтижесінде 88 мердігер бос жұмыс орындарын жариялады, – деді Еркін Егембердіұлы.
Бұдан өзге аймақта субсидияланатын жұмыс орындарына 13,5 миллиард теңге қарастырылған. Қолға алынған шаралар аясында облыстағы субсидияланатын жұмыс орындарына 15 197 адамды тарту жоспарланған болса, жыл басынан бері 1 463 жұмыссыз тұрақты жұмысқа орналастырылған. Ал, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттармен халықтың әлеуметтік осал топтарын қамту жоспарланған. Басқарма басшысының сөзінше, есепті кезеңде 504 адамға 742,8 миллион теңге грант беру туралы комиссияның оң шешімі қабылданып, қаражат аударымдары жасалған.
– Грант беру жұмыстары қаржыландыру жоспарына сәйкес орындалуда. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында биыл да жастарға 2,5 пайызбен шағын несие беру қаралып отыр. Осы мақсатта облыс бойынша 362 адамға 1,8 миллиард теңге көлемінде шағын несие беру жоспарлануда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, тиісті қаражат көлемін тамыз айының соңына дейін ұсыну қаралуда. Бұл бағытта облыстық еңбек мобильді орталығы мен әкімдіктердің аражігін ажыратып, тиімді жұмыс алгоритмін жүйелеу мақсатында басқармамен жұмыс жоспары бекітілген, – деді Еркін Келесов.
Сондай-ақ басқарма басшысының сөзінше, өткен жылмен салыстырғанда өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 8 202 адамға қысқарған.
Бұл тұрғыда аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев айқындалған бағыттар бойынша жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп, жауаптыларға қаржылай көмектің шын мұқтаж жандарға жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
– Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың кезең- кезеңімен азайып келе жатқаны жақсы көрсеткіш. Дегенмен, қаржылай көмек расымен мұқтаж жандарға берілуі керек. Сонымен бірге қайтарымсыз гранттарды үлестіруде ашықтықты қамтамасыз ету маңызды. Заңнама талаптарына сай келмейтін азаматтарға қаржылай көмек тағайындау – мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалану болып саналады. Сондықтан аудан әкімдері тиісті басқармамен бірлесе отырып, аталған заңсыздықтың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтуі қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жиын соңында облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан басшыларына күн тәртібінде көтерілген мәселелер аясында кемшіліктердің оңтайлы шешім табуына қолайлы жағдай жасап, жауаптыларға аталған бағыттағы жұмыстарды жіті назарға алуды тапсырды.
Нұрболат АМАНБЕК
Суретті түсірген Юрий КИМ.