«Қорықтық құю» ырымы шариғатта бар ма?
Кішкентай бала қорқып, шошынып жүрсе, «балаға қорғасын құю керек» деп жатады. Бұл дұрыс па? Әлде шаманизмның қалдығы ма?
Қорықтық құю — қазақтың көнеден келе жатқан емдік ғұрыпы. Ертеректе, өз-өзінен шошынып, үрейленетін жас баланың ауруын қорықтық құю арқылы аластайтын болған. Ол үшін су құйылған кесені шошынған баланың басынан жоғары ұстап, оған алдын-ала ерітіліп дайындаған қорғасынды құяды. Быжылдап шыққан дыбыстан шошынған бала осы кезде селк етіп, денесі тітіркенеді. Осылайша оның бойындағы ауру, жабысқан зиян осы тітіркенумен бірге сыртқа шығады екен. Бұнымен қатар, баланың неден шошынғанын қорғасынға түскен бейнеден көруге болады-мыс. Мысалы, қорғасыннан иттен шошынса иттің, мысықтан шошынса мысықтың бейнесі көрінеді дейді. Бұл ырым кей өңірлерде әлі күнге шейін сақталған болуы мүмкін.
Аталмыш ырымның шариғатта негізі жоқ. Ал, қорқып, шошынған адамға Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп айтуды кеңес ететін:
«Әғузу бикәлимәтилләәһит тәммәәти мин ғадабиһи уә иқообиһи уә шарри ибаадиһи, уә мин һамәзәтиш шаятиин. Уә ағузу бикә Рабби, ән яхдурун»
Мағынасы: Мен Алланың кәміл сөзі арқылы Оның ашуынан, жазасынан және пенделерінің жамандығынан әрі жын-шайтандардың сыбырлауынан сыйынамын. Уа, Жаратқан Ием, олардың (жын-шайтандардың) маған келуінен саған сыйынамын» [1].
Риуаяттарға қарағанда сахаба Абдулла ибн Амр (р.а.) аталмыш дұғаны есі кірген балаларға жаттатып, ал, сәбилерге тұмар етіп тағып қоятын болған.