БОСАҒАҢ ДІРІЛДЕМЕСІН ДЕСЕҢ

Күйеуге шыққан қыз төркініне жалғыз келсе «Күйеуі мен енесін жамандайды» деп босаға дірілдейді..
Бірде мынадай бір оқиға болды. Жұбайым Бәкең бірсыдырғы, салмақты болғанымен, ашуланса сығып алатын мінезі бар еді.
Ал, мен айтарымды сарт еткізіп айта салып, бар пәлені тілімнен табатынмын. Енді отбасы болған соң ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды ғой.
Бір күні ол бір нәрсеге ашуланып мені шапалақпен тартып қалмасы бар ма?! Ашуға булыққан мен «қарай гөр, мынаны, Момышұлының баласы болсаң қайтейін?! Мен де бақандай бес ұл баланың ортасында өскен ерке, жалғыз қызбын» дедім де есікті тарс жауып, төркініме кетіп қалдым.
Үйге келген соң анама Бәкеңді жамандап жатырмын. Айтарымды айтып, ол кісіні жерден алып, жерге салып, біраз жерге апарып тастадым ғой деймін.
Өзімше «қателесіппін, ол мен ойлаған адам емес екен» деп көзімді жұмып алып, жылап, бар назымды, өкпемді айтып жатқанымда, кенеттен көзімнің оты жарқ ете қалды!
Көзімді ашып қалсам, дәл алдымда шешем тұр! Қап-қара болып, түтігіп кеткен. «Тый, көзіңнің сорасын. Намыс қайда!» деді.
Алдында ашынып жылаған мен соңынан қорланып жыладым. Бірақ, аяп тұрған шеше жоқ. Анам не бір жапырақ нан бермеді, не бір стақан су бермеді. Үйден қуды да жіберді,- деп әңгімесін сабақтады.⠀
«Жақсы әйел үйдің берекесі, жаман әйел ердің келекесі», «шыққан қыз шиден тысқары» деген. Тұрмыс құрған қыз бала үшін өз әкесінің үйі сағынып қана келіп, аунап-кунап, еркелеп кететін ғана жер болуы қажет.
Және күйеуге тиген қыз төркініне жалғыз емес, күйеуімен келгені абзал. Жалғыз келсе босаға «күйеуін жамандайды, енесін жамандайды» деп дірілдеуі мүмкін деген наным-сенім де бар.
Оған да ден қойған жөн. Жалпы, менің анам былай дейтін: «балам күйеуіңе жаққың келсе, тым тәтті болма, жұтып қояды, тым ащы болма, түкіріп тастайды, дәмді бол» дейтін. Құлақ салатын кеңес.
Айгүл Елшібаева.