Намазды тастап кеткеннің үкімі қандай?
Намазды тастап қою, дінімізде, ауыр күнә. Оның күнәсі жайында баян еткен Пайғамбарымыздың бірнеше асыл сөзі бар. Атап айтсақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахаба Муғаз ибн Жәбәлға былай дейді:
من ترك الصلاة متعمدا فقد برئت منه ذمة الله
«Кім намазды әдейі тастап кеткен болса, онда Алланың панасы одан ұзақтайды»[1].
Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Ъамрдің айтуынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні намазды тілге алып былай деді:
» مَنْ حَافَظَ عَلَيْهَا ، كَانَتْ لَهُ نُورًا وَبُرْهَانًا وَنَجَاةً يَوْمَ الْقِيَامَةِ ، وَمَنْ لَمْ يُحَافِظْ عَلَيْهَا لَمْ يَكُنْ لَهُ نُورٌ وَلا بُرْهَانٌ وَلا نَجَاةٌ ، وَيَأْتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ مَعَ قَارُونَ وَفِرْعَوْنَ وَهَامَانَ وَأُبَيِّ بْنِ خَلَفٍ
«Намазына берік кісіге, қиямет күні намаз (жарқыраған) нұр, айғақ және (тозақ отынан) құтқарушы болады. Ал кім оны тастап кетсе, онда оған нұр да, айғақ та құтылу да жоқ. Қиямет күні ол адам Қарунмен бірге, Перғаунмен бірге, Һаманмен және Үбәй ибн Хәләфпен қатар тұрады (хадис мәтінінде «келеді» делінген)»[2].
Тағы бір Хадисінде:
بين الرجل وبين الشرك والكفر ترك الصلاة
«Адамды ширк және күпірден айырып тұратын – намаз»[3], – дей келе намаз оқымай тастап кеткен адам шайтанға тез иланғыш келеді және оның тұзағына оңай түсіп, адасып, артынан күпірлікке түсіп кету қаупі басым екенін айтуда. Өйткені, Шайтанның тұзағына көп түсетіндер олар дін әмірлерін орындамай ықылассыздық танытқан жандар. Құранда бұл жайында: «(Шайтан былай деді): … әлбетте адам баласына жер жүзіндегі (жаман) нәрселерді жақсы көрсетіп, олардың барлығын адастырамын. Бірақ, олардың ішіндегі ықыласты құлдарыңды адастыра алмаймын»[4], – делінген.
Әйтсе де, бұдан адамға мынандай ой келмеуі керек: Намазды бастап, одан кейін тастап, осындай күнәға батқанша, бастамағаным жақсы» деген. Намаздың парыз екенін білген кісі, біле тұра мүлдем оқымайтын болса да күнәсі ауыр.
Ендеше ағайын, намазды оқымай тастап кету – ауыр күнә. Намаз – дініміздің тірегі. Оны әлсіреткен адам жүрегіндегі дінін әлсіреткені. Және Ол жамандықтан арылтып, жақсылыққа жөнелтетін — көңіліміздегі нұр. Жүректегі нұры өшкен кісі – құлағы бар бола тұра естімейтіндей, көзі бар болғанымен көрмейтіндей халге душар болады. Алла Тағала құлшылығымызға бізді берік етсін.