ҒАСЫРЛЫҚ ҒИБРАТ

Қазақ тілінің маңызды мәселелерін жеріне жеткізе зерттеген танымал лингвист ғалымдардың ішінде әдебиеттанушылардың шексіз құрметіне бөленген екі оқымыстының орны бөлек. Бірі — академик Рәбиға Сыздықова, екіншісі — академикке бергісіз ғылым кандидаты Құлмат Өмірәлиев. Екеуі де әдебиеттанудың өзекті тұстарына терең бойлап, өлең табиғатына өзгеше көзқараспен зер салды. Әсіресе Дулат ақынның жырларын дәл осы екеуіндей етіп, иін қандырып зерттеген ғалымдар кемде-кем. Рәбиға апай мен Құлмат ағаның мақалаларына өлеңтанудың оқулығы, жыртанудың жәдігері секілді қайта айналып соға беретініміз де сондықтан.

Құлмат аға біздің студент кезімізде өмірден өтіп кетті де, араласып-құраласып үлгере алмадық. Ал оның есесіне Рәбиға Сыздықова дүниеден көшкенше біздің қатарластарымыздан қамқорлығын аяған жоқ. Жалпы, жариялылық пен жылымықтың желі есіп, азаттық пен бетбұрыстың самалы сезілген шақта Ұлттық университет пен Ғылым академиясындағы ардақты ағаларымыз бен абыройлы апаларымыз жедел әрі жүйелі іске бел буған сыңайлы. Олар сол тұстағы қолынан жазу келетін жастардың біразын ғылымға тартты. Біз сол дәуірдің перзенттері едік. Ұстаздарымыз әрқайсымызға бір-бір танымал тұлғаның шығармашылық мұрасын зерттеу тақырыбы етіп, бекітіп берді. Мәселен, Дихан Қамзабекұлы — Смағұл Сәдуақасұлы, Марат Әбсеметов — Мыржақып Дулатов, Мақсат Тәж-Мұрат — Ғұмар Қараш, Амантай Шәріп — Сұлтанбек Қожанов, Сұлтанхан Аққұлыұлы — Әлихан Бөкейхан, Қанипаш Мәдібаева — Шортанбай Қанайұлы, Серік Бермағанбетов — Әбубәкір Кердері мұрасын зерттеуге кірісті. Біз болсақ, Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығына ден қойдық. Сол арқылы тарихтың ақтаңдақ беттерін қалпына келтіру мақсаты көзделді. Мәселенің тағы бір ұтымды жағы — әрбір қорғалатын кандидаттық диссертация қазақ әдебиетінің өзгеше көзқараспен жазылатын тарихына жаңа монографиялық тарау ретінде қосылатын болды. Сөйтіп, екі дәуірдің тоғысында әдебиеттегі ақтаңдақтарды игеру ісіне түрен салынды. Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібай, Тұрсынбек Кәкішев бастаған айбынды ағалардың ұйғарымымен жүзеге асқан осы теңдессіз жобаның бір тілеулесі Рәбиға Сыздықова екеніне күмән жоқ-ты. Біз, осындай ауқымды іске тәуекел еткен жігіттер, ғылыми жетекшілеріміздің ғана емес, Рәбиға апайдың да ақыл-кеңесін үнемі тыңдап тұрдық. Зерттеу нысанаң белгілі бір жыр жүйрігінің шығармашылық мұрасы болса, өлеңдегі образдар жүйесі туралы тереңнен ой толғаған әйгілі ғалымның еңбектеріне аялдамай өтпейтінің анық. Кітаптарын қарайсың. Мақалаларын оқисың. Толғанасың. Тұшынасың. Сезінесің. Сүйсінесің. Түсінесің. Түйсінесің. Бірақ бәрібір апайдың өзіне жолығып, тағы бір тілдескің кеп тұрады. Себебі жазған дүниеңді саралау барысында мың-сан сауал туындайды. Соның бәрін басқа емес, апайдың нақ өзінен сұрағың келеді. Жыраулар үлгісімен жыр төккен дүлдүлдердің өлең-толғауларының табиғатын тап басатын ғалымның айтары көп. Ағыл-тегіл ақтарыла жөнеледі. Рәбиға апай әдебиеттің ақтаңдақ беттерін қалпына келтіруге кіріскен сол топқа үнемі ниеттес болды. Біразының диссертация қорғауына өзі арнайы кеп қатысты. Реті келсе, сөз алды. Ғылыми жұмыстың мән-мазмұны туралы ой-пікірін айтты. Жас буынға сәт сапар тіледі. Рәбиға Сәтіғалиқызы тек бізге ғана емес, Алаш арыстары мұрасын басып шығарушыларға, архив материалдарын әзірлеушілерге, ақындар шығармашылығының текстологиясын түзушілерге үздіксіз кеңес берді. Соның бәрін бірегей біліктілікпен, зиятты зиялылықпен, мінсіз мәдениетпен ақы-пұлсыз атқарды. Жо-жоқ, Рәбиға апайды жұрттың бәріне жайылып жастық, көсіліп көрпе бола кететін жалпақ шешейдің нақ өзі деп ойлап қалмаңыз. Ғылымның ғибратты ордасынан ауылы алыстау қонған берекесіз бозөкпелерді босағасынан аттата қоймайды ол. Күріш пен күрмекті тез айырады. Сүйегіне сөз сіңген бозбала мен бойжеткенді көзі алыстан таниды. Ал енді Рәбиға апайдың ұстаздық ұлағатын сезіну дегеннің рахатына ештеңе жетпейді! Кейде ол кісінің тікелей ғылыми жетекшілігімен зерттеу жүргізіп, еңбек қорғаған, авторефератының сыртында академиктің аяулы есімі тасқа басылғандай етіп жазулы тұратын ізетті ізденушілерге кәдімгідей қызығатынбыз. Шынында да солай, басқалардың бағы бес елі болса, олардың бағы бес келі еді…

 

* * *

Жә, айтпағымыз бұл емес. Келесі айдың он жетісінде қазақтың аса көрнекті ғалым қызы, теңдесі жоқ зерттеуші Рәбиға Сыздықованың туғанына жүз жыл толады. Жүз жыл! Ғасырлық ғибрат. Ғибрат ғасыры. Жүз жылдық жылылық. Осы жүз жылдық жылылықтың әр сәулесінің сынықтарын аялап теріп отырып, әйгілі ғалымның шынайы шығармашылық портретін бірлесіп жазғанымыз дұрыс шығар, сірә. Тоқсан бес жыл ғұмыр кешкен ардақты апайымыздың жүз жылдығы күнде аталып өте бере ме?! Ал, кеттік!

 

* * *

 

 

Бауыржан Омарұлының фейсбук парақшасынан

 

/Суретті түсірген — Шүкір Шахай/