ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КЕЗЕКТІ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҮРІП ЖАТЫР
– Жылыту маусымында өңірде көмірден ешқандай проблема болмауы тиіс. Мектептер, ауруханалар және өзге де бюджеттік мекемелердің көмірмен қамтылуы қадағалансын. Тасымалдаушы компаниялармен келісімді ерте жасап, тасымалды жеделдетіңіздер. 1 қыркүйекке дейін білім ұялары көмірмен қатылуы қажет. Әр аудан, қала әкімі жылыту маусымына дайындықты қатаң қадағалап, тиісті жұмыстарды уақтылы атқарсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбековтың айтуынша, 2024-2025 жылдарға арналған көмірмен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Өңірдің жалпы қажеттілігі – 778 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік мекемелерге қажеттілік – 104,5 мың тонна болса, жылу беретін кәсіпорындарға – 4,8 мың тонна, жеке тұрғындарға – 386,1 мың тонна, жылыжайларға 282,9 мың тонна көмір қажет. Мамыр мен шілде аралығында 88,2 мың тонна көмір жеткізілген.
Әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындау, қажетті көмірді тасымалдау жұмыстары жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі