ТҮРКІСТАНДАҒЫ «ДОСТЫҚ ҮЙІ» МЕН «ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ» ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Түркістанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Достық үйі» ғимаратының құрылысы жүруде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Жаңа қала» аумағын жаяу аралап, аталған ғимараттың құрылыс жұмыстарын көрді.
Нысанның кірпіші қаланып, сыртқы инженерлік желілері толық жүргізілген. Құрылысы аяқталып келеді. Облыс әкімі нысанның сапасы мен сәні үйлесім тауып, уақтылы берілуі керек екенін айтты. Мердігерге нақты тапсырмалар берді.
Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа үлгідегі «Достық үйі» ғимаратының жалпы алаңы – 3912,29 шаршы метр. Этносаралық татулықтың ұйытқысына айналатын жаңа ғимараттың құрылысы биыл күзде толық аяқталады деп жоспарланған. Жоба бойынша ғимарат төрт қабаттан тұрады және құрамында мәжіліс залы, этнос өкілдерінің орталықтары орналасады. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу жүргізіліп, қажетті экспонаттар қойылмақ.
Одан кейін облыс әкімі Түркістандағы «Жаңа қала» аумағында салынып жатқан «Жайлы мектептің» құрылысын қадағалады. Бұл білім ұясы биыл күзде тапсырылады деп жоспарланған. Нысанда құрылыс қарқынды жүруде. Өңір басшысы жауапты мекемелер мен мердігер компания басшылығына жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды. Бұл білім ұясында оқушылар мен ұстаздарға өте қолайлы жағдай жасалмақ. Стадион маңында орналасқан мектептің сапасы жоғары деңгейде болады деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, Түркістан облысында екі жылда 63 «Жайлы мектеп» салынады. Оның 29-ы биыл тапсырылады деп жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі