DEA-ның тәжірибесі наркобизнесті тоқтата ала ма?
Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ұлан Байжанов АҚШ Әділет министрлігінің Есірткімен күрес әкімшілігі Офисінің Атташесі Михаил Карпенкопфпен кездесті деп хабарлайды академияның баспасөз қызметі.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері бойынша пікір алмасты. Соның ішінде есірткі тасымалымен күресте өзара құқықтық көмек көрсетуге қатысты халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қозғалды.
Ұ.Байжанов атап өткендей, есірткі қылмыстылығымен күрес проблемасы Қазақстан үшін көкейкесті мәселелердің бірі. Бұған мемлекеттің географиялық орналасуы негізгі себеп болып отыр. Сондықтан да есірткі бизнесімен күрестің тиімділігін арттыру, есірткі қылмыстарын ашу мен алдын алудың озық әдістерін және практикалық құралдарын қолдану мәселелері бүгінгі таңда аса өзекті сипат алуда, — деп атап өтті Академия ректоры.
М.Карпенкопфтың айтуы бойынша, АҚШ-тың Заңсыз есірткі айналымымен күрес агенттігінің (DEA) көп жылдық практикалық тәжірибесі бар. Оның негізгі мақсаты – есірткі құралдарының заңсыз айналымымен байланысты қылмыстарды анықтау және тергеу, сондай-ақ нашақорлыққа қарсы насихат жұмыстарын жүргізу.
DEA психотропты сора препараттарын өндіру мен импорттауға қарсы күрес мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Сора препараттары бойынша арнайы бөлім жасақталған. Ол мемлекет ішінде отырғызылған өсімдіктерді жоюмен айналысады. Бөлімше Мексикада сора егіс алқабын жою және Колумбиядан келетін марихуананы жеткізу каналдарын жабу бойынша үш ірі операцияны өткізген.
Агенттік жанынан DEA академиясы құрылған. Беделді мамандардың айтуынша, ол тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің құқық қорғау органдары үшін жоғары білікті мамандарды даярлайтын жетекші халықаралық оқу орталықтарының бірі болып табылады.
Осы орайда ректор бұл салада тәжірибесі мол америкалық әріптестерінің озық практикасымен жете танысуға қызығушылық білдірді. Есірткімен күрес саласындағы жаңа жетістіктерді зерттеу ең ұтымды жауап қайтару шараларын әзірлеуге мүмкіндік беріп, есірткі қылмыстылығына қарсы күрестің тиімділігін арттырады.
Халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық міндеттер тұрғысынан Академия базасында құрылып жатқан Жаһандық қауіптерге қарсы өңірлік хаб ықпалды құралға айналуы тиіс. Кездесуге қатысушылар ғылыми-білім беру саласындағы құқықтық ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.