Білімің мен даналығыңды үмбеттің келешегіне төк!

Бойжеткен, сен де бақыт іздеп жүрсің бе?

 

Тарих беттерінен ғылым мен білімнің шыңына жетіп, тіршіліктерін құлшылықпен көркемдей білген ата-бабаларымыз туралы оқиғаларды жиі оқимыз. Сөйте тұра, мақтайтынымыздан, жоқтайтынымыз көп. Себебі, ашкөздіктің құрсауындағы дінсіздер мұсылмандарды көп құндылықтан айырды.  Жан түршіктірер үрдіс қалай жүзеге асып еді? Ел табалдырығын аттаған дұшпандар ең алдымен барлық оқу орындарына атеизм сабақтарын ендіреді. Енді мұғалімдер тек қана «Құдай жоқ!» деген ұранды жас ұрпақтың санасына сіндіре бастайды. Арада он жыл өткеннен кейін тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде халықтың бар болғаны 5 пайызының осы жат түсінікпен зақымдалғаны анықталады. Таңғалған билік басындағылар мұның себебін іздеуге кірісті. Нәтижесінде, ұрпақ тәрбиесінің басында аналардың отырғандығын анықтайды. Ошақ басындағы әйелдер әрбір күн сайын мектептен келген перзенттеріне «антивирус» орнатып, «Құдай жоқ!» деген түсінікті теріске шығарып отырады екен. «Біз маймылдан жаралған жоқпыз, бізді жаратқан Ұлы Алла Тағала» деген ақиқатты үнемі қайталаумен болады. Мұны білген дұшпандар елдегі барлық әйелдерді жұмысқа салуды ойға алады. Басты мақсат – тірліктің қамына түскен әйелге бала тәрбиесін ұмыттыру. Ол үшін барлық ер азаматтардың жалақысын 3-4 есе азайтуға кіріседі. Азын-аулақ қаражат отбасын асырауға жетпей, әйелдер мазасыздана бастады. Алайда, әйелдерді жұмысқа шығару оңай шаруа емес еді. Имандылықпен сусындап, Раббыларының бұйрығын бәрінен биік қоятын мұсылман әйелдер ерлермен жұмыс істеуден бас тартады. Мұны да сезген дінсіздер тек қана әйелдер жұмыс істейтін зауыттар мен фабрикаларды ашып тастайды. Ақыры соңында, діттеген мақсат орындалып, әйелдер тірліктің, дүниенің қамын ойлап, бала тәрбиесінің тізгінін ұстай алмай қалды. Он жылдан кейінгі тексеру жұмыстарының нәтижесінде халықтың 90 пайызына атеизмнің салқыны тигені мәлім болды.

Әйел – Мұхаммед  үмбетінің тәрбиелеушісі

Асылында, бұл шағын ақпаратта әрбір әйел үшін үлкен ғибрат бар. Рас, әйел – нәзік, әйел –  әлсіз, әйел – сезімге жақын жаратылыс. Дегенмен, әйелге басқа ешбір тіршілік иесіне бұйырмаған аса құрметті, аса маңызды лауазым берілген. Әйел – Мұхаммед үмбетінің тәрбиелеушісі. Әйел – алыпты, дананы, көшбасшыны, ел тұтқасын ұстар еркекті дүниеге әкелуші. Мұнан артық қандай ардақты қызмет бар?! Заман көшіне, қоғам айдынына сапалы, саналы ұрпақты қосу. Еріңе сүйеу, отбасыңа жылу, әулетіңе үлгі болу. Өзіңнен кейінгі ұрпақтың тәрбиешісі болатын келінге ұстаз, немереге жол сілтер ақылгөй әже атану. Міне, қыз баласының карьерасы, шығар шыңы, бағындырар белесі осы. Осы жауапкершілік әрбір қыз баласын биік етеді. Өмірлік мақсат пен мансапты іздеп әуре-сарсаңға салынып жүрсеңіз, ойланып көріңізші…26c5771c0fc3989659951ee5e3846b09

Текті бесік тербетілу үшін…

Бұл мен ашқан жаңалық емес, әу бастан-ақ солай болған. Тек әлгіндей имансыз қоғамның соққысы осынау сарабдал дәстүрдің тамырына тиіп кетті. «Ілгеріде отағасының бетіне келмейтін, үйден ұзап шықпаған, тән сұлулығын ерінің назарына ғана ұсынған, арнайы дипломы жоқ аналарымыз бәрін айтпағанда, биден Төле, Қазыбек, Әйтекені, ақыннан Абайды, қайраткер «Алаш ардақтыларын», батырдан Бауыржанды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, қазақ көшіне қосты. Ендеше, текті бесік тербетілу үшін, өзгенің арбап салған өрнегі емес, әуелі, өз ана-әжелеріміздің құмға батқан алтындай асыл өнегесі қаттырақ қажет секілді. Сондықтан, отбасының үздік үлгісі – әуелі Алланың кітабы Құранда, Пайғамбар Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінде және парасатпен өткен ата-бабаларымыздың асыл өнегесінде». (М. Тазабек).

Үйдегі алтын қазық

Көпке дейін ұрпақ тәрбиесі, ұлт ұстыны еркектің мойнында, көп нәрсе ер азаматтың біліктілігіне байланысты деп ойлап келдім. Алайда, кейде ортасына сөзі өтімді, «менің жарым осындай болса екен» деп сүйсінетіндей ағаларымыздың  ұл-қыздарының ғаламторға, атыс-шабыс мультфильмге тым құмарлығы, сәлемінің қисықтығы, аузында «Бисмилләсінің» әлі жоқтығы бұл пікірімді өзгертті. Кітап ұсынсаң, қиылып ғаламторды сұрайтын балаларға қарап жүріп, мынаны түйдім: барлық нәрсе үйдегі анаға байланысты екен. Ұлттың болашағы қыздың құрсағынан басталады. Сәби ана құрсағында тәніне қажетті қоректі емес, рухани азықты алады екен. Әйел баласын 9 ай құрсағында көтерсе, өмір бойы жүрегінде ұстаумен мейірімін төгеді. Сол мейірімге шомылған бала өзгеге қамқорлық таныта алады. Үйдегі алтын қазық – ана. Ана ақылды болса, үйдің қуанышы, әкенің жұбанышы. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» дейді атам қазақ. Ананың даналығын, ибалылығы мен білімділігін көріп өскен бала да алысқа ұзамайды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Бесік – ананың қолында. Ұрпақ сапасы қымбат болса, оның тәрбиешісі – одан да қымбат. Міне, осы жерден әйел мәртебесі, әйел рөлі деген сауалдың жауабы өздігінен көрініс табады. Осы жауапкершілікті сезіне алмаудан ұлт болып ұтылып жатқандаймыз. Ана үйдегі – бақ, әке – төрдегі тақ. Иә, әке – үйдің патшасы. Өзінің рационалдылығымен баланың өміріндегі ең маңызды таңдауларға жол сілтеуші. Бірақ, өмір тек маңызды таңдаулардан тұрмайды ғой. Таңдауға дейінгі, таңдаудан кейінгі сәттердің ақылшысы – ана. Түздегі әке перзентін, ұрмаса да, ұрыспаса да, бала содан қаймығып өседі. Анасының «әкең ұрысады, әкең ренжиді, әкең рұқсат бермейді» деген сөздерімен өздігінен тәрбиеленеді. Әке – балаға үлгі. Сол үлгінің ізімен оны өсіретін тағы да ана. Осы үйлесімділіктің сақталмауынан отбасы иммунитеті әлсіздікке ұрынуда. «Себебі, әйел беретін дәруменді еркек, еркек беретін дәруменді әйел ешқашан бере алмайды екен». (Б. Тілеухан),1392526650_orodah

Әйел рақаты

Сөзсіз, әйелдің рақаты – отбасы-ошақ қасында. Екінші курсымнан бастап жұмыс істеп келемін, алайда жұмысымды қанша жақсы көрсем де, ең жақсы көретін күнім – демалыс күні. Ұйықтау үшін емес. Сен ол күні үй жинайсың, кір жуасың, бауырларыңа қамқорлық танытасың. Сол нәрсемен демаласың, ләззат аласың. Себебі, табиғатымыз қамқорлық жасау үшін жаратылған. Бір-біріне ұқсамайтын үш бірдей ортада жұмыс істеп көрдім. Көзімнің жеткені – ешқандай қызмет істеместен, үйде отыратын аналары бар қыз-жігіттер өзгелерден ерек болады екен. Олар аналарымен сырласуға жақын, іске шебер, мейірімді, жанашыр, бауырмал келеді. Бұл – ешбір асыра-сілтеусіз, ақиқат. Кейбір еркектен білімі мен біліктілігі артық әйелдерді көп көрдім. Бірақ, ешбірінің еркектен асырып іс тындырғанының куәгері болғам жоқ. Себебі, әйелдің жаратылудағы мақсаты тым басқа…

Менің анам – медицина қызметкері. Жұмыс бабымен кейде түнгі кезекшіліктерге түсіп қалатын. Сондайда, қатты қиналатынбыз, сабақтан келгеннен «мама, бүгін жұмысқа кетпейсіз бе?» деген сауалды қоятынбыз. Ол кетсе үй сондай қараңғы, суық, тамақ дәмсіз болатын. Иә, мен бала кезімнен «ғұмырымды балаларыма ғана арнаймын» деген мақсатпен есейген болатынмын…

Білімің мен даналығыңды үмбеттің келешегіне төк!

Кейде айналамдағы білімді, мәдениетті, ісін соңына жеткізетін, жауапкершілігі мол қыздарды көргенде іштей қуанып қаламын. Ал мұсылмандар көп жерде жалқаулықтан, істі соңына жеткізе алмаудан, тәртіпке бағынбаудан, білімсіздіктен артта қалып қойды. Сапалы білім нәрі себілген баладан жаман азамат шықпасы анық. Ізгі адам – ізгі отбасының жемісі.

Тарих беттерінен дәстүрлі мәдениеттің бесігін тербетіп, әйелдіктен даналыққа, отбасы, ошақ қасы тірлігінен рулы елдің қамын жейтін ел анасы деңгейіне көтеріле білген аналарымыз туралы жиі оқимыз. Бозтуғандай анамыздан ел мұңын жоқтаған Қазтуған туса, Құнанбайды дәретсіз емізбеген Зере әжеміздің тектілік үлгісімен тәрбиеленген Абай алты алашты аузына қаратты. Ислам тарихындағы жалғыз әйел ғалым Аиша анамыз (оған Алла разы болсын) туралы, Зубайр ибн әл-Аууамдай саңлақ сахабаны тәрбиелеген Сафия бинт Әбдул Мутталибтің өнегесі, әйгілі Абдуллах ибн аз-Зубайрдың данагөй анасы Асма бинт Әбу Бәкір туралы кереметтей оқиғалардың бойында әрбір мұсылман әйелге тұнып тұрған үлгі, насихат бар. Білесіз бе,  кезінде Константинопольді бағындырған Мұхаммед Фатихтың анасы ес білгеннен-ақ ұлының құлағына «Сен Константинопольді алуға тиіссің!» деп айтады екен және сондай үздік көшбасшы ретінде қалыптасуына барын салған деседі Яғни, келешекте ұлттың мерейі үстем, Мұхаммедтің үмбеті мәртебелі болсын десек, біз, қыздар мықты, білімді, дана болу керекпіз. Әкелері жетпеген биікке жететін, әкелері жасай алмағанды жасайтын текті ұрпақтың бесігі біздің қолымызда екенін есіңнен шығармашы. Ұмытпасақ, ұтылмаймыз…

Кәусар Абдулкәрим