ОЙ — ЕҢ ЖАҚСЫ ТӘРБИЕШІ

Адамдар күнәсінің көптігінен емес, білімінің аздығынан көп қиындық көреді.
***
Ешкімнің өміріне қызықпа. Сенің өміріңнен әдемі өмір жоқ. Байлардың,ақсүйектердің, ғалымдардың қалай қиналып жүргенін білмейсің ғой?!
***
Ой — ең жақсы тәрбиеші!
***
Бүгінгі күндері өмірінде біреуге өлердей ғашық бола алмаған адамдар жетерлік. Біреуге қатты ғашық бола алмайтын, біреуді қатты ғашық қыла алмайтын кезеңде жасап жатырмыз. Махаббатпен өмірге келмеген ұрпақ көбейіп, қоғам қылмыс пен ұсақ мінездерге толып бара жатқандай.
***
Бір кісі бір арманын айтты. Оның арманы мен күнде орындайтын іс екен. Соған қарағанда біздің қолымыздағы кейбір жетістігіміз қандай қадірлі! Біреудің ойында арман болған дүние біздің қолымызда қарапайым болып жүр. Бір кездері біз де бұған көп талпыныспен жеткен болатынбыз. Өміріміздегі құндылықтарды түгендеп бағалаудың өзі оңай емес.
***
Шабытпен жүздесу — ақшаға сатып алуға болмайтын ең ұлы кездесу. Бұл менің бойымдағы ең сүйікті байлығым.
***
Көп жерді аралап барып қорытындылағаным, бұрынғы Қазақтың намысты,ұятты, тілі мен киімі таза, әдепті, білімқұмар, іскер, ашық-жарқын тәрбиесімен өскен ұрпақты әлемнің қайсы еліне апарып қойсаң да ең мәдениетті адам ретінде өз бағасын ала алады екен. Біздің Еуропаша немесе Жапонша, Кореяша мәдениет деп өзімізді сан құбылтып тоздыруымыз ұят іс екен!
Құрметпен: Көкбөрі Мүбарак