Азаматхан Әміртай: Кәсіп бастаған жанның түбіне тексерістер жетіп жатыр
Аптаның басты жаңалығы — мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жариялауы. Бұл жолғысы бұрынғыдан өзгерек болды. Олай дейтін себебіміз, Елбасы Жолдауы мәтін күйінде баспасөз беттерінде бірден жарияланды. Одан бір күн бұрын Президент Жолдауына қатысты мәлімдеме жасаған кезден-ақ қоғамда түрлі пікір туды. Жолдау баспасөз бен ғаламторда жарқ ете қалғанда бірден талқыға түсті. Біз де өз кезегімізде өзгелердің ойын білу мақсатымен белгілі экономист, тәжірибелі ІТ маманы Азаматхан Әміртайға хабарласқан болатынбыз.
— Азаматхан мырза, Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында: «2016 жылы біз ішкі жалпы өнімнің 1% өсімін қамтамасыз еттік. Бұл қазіргі күрделі жағдайда айтарлықтай маңызды», — деді. Алыпқосарыңыз бар ма?
— Мемлекет басшысының сөзінің жаны бар. Жолдау демесеңіз, мақтанышпен айтып тұр десек те артық емес. Өйткені, расымен де, осындай алмағайып заманда жалпы ішкі өнімнің 1%ын қамтамасыз етудің өзі зор жетістік. Жыл соңына қарай барлық елде экономиканың құлдырайтын кезеңі келеді де, жалпы ішкі өнімнің пайызы анықталады. Кейін алға ілгерілеу қайта басталады. Меніңше, бір пайыз болса да қамтамасыз етуіміздің өзі бірнеше салаға серпін береді. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы саласы, отандық өнімнің қарқынды түрде нарыққа енуіне әсер етпей қоймайды. Қоса кетейін, Елбасы неліктен жылдағыдай өзі шығып, Жолдауын жасамай, баспасөзге жариялатты? Мұны түрліше талқылап жатыр. Дегенмен, Президентіміз Н.Назарбаев сөзден іске көшу керектігін осылай да бір білдіргісі келген сияқты. Жасыратыны жоқ, бізде айтылады, жазылады, бірақ, әсіресе, экономика саласында нәтижелер көңіл көншітпейді. Көрші Өзбекстанның өзінде ерекше үдеріс байқалады, экономикасында алға ілгерілеу бар.
— Еліміздің шикізат көзі болып, табиғи байлығын шетке тасымай, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуы керек дейсіз ғой?
— Ойыңызды құптаймын. Экономиканы дамытуда ең маңыздысы да сол — шағын және орта бизнес көзін дамыту. Дегенмен, ол жағынан да аузымызды құрғақ шөппен сүртіп жүрген жайымыз бар. Өйткені бізде тексеріс көп. Оны да талайдан бері айтып келеміз. Кішкентай ғана тексерістің өзі кәсіпкер ісінің берекесін алады. Соның салдарынан бастаған ісін орта жолдан тастап, бизнестен көп ұзамай кетіп қалады. Бұл біз үшін зиян болмаса, пайда емес қой.
— Президентіміз «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын жасауды Үкіметке тапсырды. Мақсат айқын, міндет қандай?
— ІТ технологияға көңіл бөлу, әртүрлі саланы цифрландыру — заман талабы. Мұны тез арада енгізуіміз керек. Сонда цифрландыру арқылы осындай дағдарыс кезінде басқару жүйесін ашық, транспарентті және жедел жұмыс жасайтындай ете аламыз. Әрине, Елбасының Үкіметке жүктеп отырған тапсырмасының маңызды екенін біреу білсе, біреу білмейді. Бұған дейін көп жерде айтып жүрмін, тағы да қайталаймын, біздің елімізде ІТ мамандарды дайындауды мектеп жасынан бастау керек. Жастар енді ғана өсіп келе жатқан балдырғандарымыз мемлекеттің қозғаушы күші, келешегі болғандықтан, олар ІТ технологияның қыр-сырын білгенде ғана халық жаппай сауатты болады.
— Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. Күні кеше ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі республикамызда 21 сайттың әккі хакерлердің шабуылына ұшырағанын мәлімдеді. Қарапайым халық цифрландыруға көшеміз деп жүріп, жамандыққа ұрынып жүрмей ме?
— Неге бір жақты қарайсыз? Таяқтың екі ұшы бар, түсінемін. Бірақ, әңгіме басқада. Кез келген саланы дамытуда оған қарсы күштер болады. Бұған дейін талай айтылды да. Біздің ақпараттық жүйелеріміздің 90%-ының қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген. Дәл қазіргі жағдайда хакерлік шабуылға төтеп бере алмайтынымыз сондықтан. Осыдан туындайтын тағы бір мәселе ақпараттық жүйеміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алсақ, халықтың цифрландыру жүйесіне толық қосылуына кепіл бола аламыз.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан Ермұрат Назарұлы