БҰЛ БӘСЕКЕЛЕСЕТІН ЖАҒДАЙ ЕМЕС

Ысырапшылдықтан арылайық, ағайын!
Мұны Үндеу деп қабылдасаңыздар да болады. Өкінішке қарай, бүгінде «Жұрт не дейді?», «Елден ұят» деген желеу есепсіз ысырапшылдыққа алып келуде. Тойды өткізу былай тұрсын, құдайы ас беруде де көзге көрінбейтін бәсекелестік белең алуда. Күнделікті құдайы астың (жабдық, жаназа) мәзірі той дастарқанынан асып-түсіп жататынын көріп те, естіп те жүрміз. Бұрын қаралы үйде тек жаназа намазы оқылып, қазан көрші үйлерде көтерілген. Қазір ше?
Ет жақыны бақиға аттанған отбасының бірінші ойлайтыны бес елі шығатын семіз жылқы табу, жақсы мейрамхана, кафе жалдау, қайыстырып дастарқан жасау т.б. болып кетті. Қайтқан күні, тіпті, қырқы мен жылының алдында жүз, жүз елу адамға қонақасы деп дастарқан жаю тағы бар. Тағы да сол «елден ұят»…
Қазір, тіпті, қазалы үйдің қазанын әңгіме ететін деңгейге жеттік. Бұдан арылуымыз керек. Халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу, садақа мәзірін мейлінше қарапайымдылыққа негіздесек деймін. Қонақасы дегенді тоқтатсақ.
Жаназа күні жылқы сойып, аста-төк дастарқан жасалмасақ. Тек қана алыстан келген ағайынға жеңіл тамақ ұсынылса.
Қасиетті Құран кәрімдегі «Исра» сүресінің, 27 -аятында: «Ысырап етпе! Сөзсіз, ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал, шайтан болса, раббысына тым күпірлік етуші» – деп, ысырап етудің күнә екенін, оның, тіпті, кісіні шайтанға бауыр ететін Жаратушымызға жағымсыз іс екенін айтады.
Осы аталғандарды ескеріп, облысымыз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіруге тырысқанымыз жөн. Ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеуге шақырамын.
Қазақта «Жан қайғысы болған үйде мал қайғысы болмасын» немесе «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөздер бар. Сондықтан да жоғарыда атап өткендей, әр нәрсені өзіндік жолымен, шамасымен атқарған дұрыс.
Ырысымыз арта берсін, барға қанағат, жоққа сабыр қылайық, ағайын.