АУЫЗ СУ ЖӘНЕ ГАЗБЕН ҚАМТУ САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірді инфрақұрылыммен, ауыз су мен газбен қамту мәселелерін қарайтын штабтың кезекті мәжілісін өткізді. Осы саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
– Ауыз сумен газға қатысты жобаларды уақтылы әрі сапалы аяқтау керек. Әр апта сайын әр нысан мен жобаны талқылап қана қоймай, ауылдар мен елді мекендерге арнайы барып, мердігерлердің жұмысын қадағалау маңызды. Мониторинг жұмысы тұрақты жүргізілсін. Ауыз су мен газға қатысты мәселеде қателесуге болмайды, – деген Зұлпыхар Жолдасов жауапты басқарма басшысы мен өкілдеріне тиісті тапсырмалар берді.
Штаб отырысында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің, әр салаға жауапты бөлім басшыларының есептері, ұсыныстары тыңдалды. Жұмысты ширату жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде ауыз су, газ, сапалы электр қуатымен қамту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Былтыр өңірдегі «сақалды құрылыстардың» мәселесі шешілді. 2024 жылы 86 газ нысанының құрылысына қаржы бөлініп, оның ішінде 48 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 38 нысан 2025 жылға өтпелі. Өңірде жерасты су көздерін іздеу, барлау жұмыстары жүруде.
Жалпы, елді мекендерді ауыз сумен қамту, газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде ары қарай жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі