Тауар несие механизмдерін қолдану маңызды – Тамара Дүйсенова

Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы ПремьерМинистрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Мойынқұм ауданында арнайы болды. Вице-премьер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жергіліктітұрғындармен кездесті.
Облыс орталығынан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан ауданымыз негізінен шөлді аймақ болып саналады. Дегенмен, мұнда мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар. Бірлік ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «БайбаракАгро» кооперативі құрылды. Оның құрамында 30-дан астам мүше бар. Кооператив 35,8 миллион теңгеге 3 трактор, 17 бірлік қосалқы техника сатып алып, ауылға қызмет көрсетуде. 400 гектар жерден ірі қара мен ұсақ малға арналған жем-шөп жиналады.
Мойынқұм түйе шаруашылығына да қолайлы. Алайда мұндағы шаруалар ет пен шұбат өндірумен ғана шектеліп отыр. Жергілікті өндірушілердің айтуынша, басқа түйе өнімдерін өңдеу қымбатқа түседі. Тамара Дүйсенова сауда несиесін беру тетігін қарастыруға болатынын атап өтті.
– Шағын несиеге көп түйе сатып алу мүмкін емес. Тауарлы несиелеу механизмін қолданудың маңызы зор. Елімізде бұл тәжірибені табысты қолданудың көптеген мысалдары бар», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Ақыл-кеңесімен, ісімен көмектесуге дайын кәсіпкерлер бар. Мәселен, Алматы облысындағы «Дәулет-Бекет» серіктестігі бүгінде 5 мың түйе өсіріп, өнімдерін терең өңдеумен айналысуда.
– Түйе шаруашылығын дамытуға барынша күш салу керек. Жергілікті тұрғындар өз тілектерін білдірсе, 100 бас түйе беріп, оларды күтіп-баптауға қажетті кеңестер беруге дайынбыз. Немесе осында түйе сүтін өңдейтін шағын зауыт салуға көмектесеміз», — деп ұсыныс жасады серіктестік иесі Сыдық Дәулетов.
Сапар барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова ауылдық мәселелерді жіті тыңдап, сауалдар міндетті түрде назарға алынатынын жеткізді.
Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ,
«Мойынқұм таңы».