Дүбірлі дүрмек: ел сенімі ақтала ма?

Францияның астанасы – Париждегі 33-ші жазғы Олимпия ойындарының жетінші күнінде өнер көрсеткен қазақстандық спортшылар бірде-бір жүлде ала алған жоқ. Олимпиаданың ширек финалына сүрінбей жеткен Айбек Оралбай (92 килограмм) қаны кубалық Әзербайжан боксшысы Лорен Берто Альфонсо Домингестен «ұтылды». Жеңіске жету жолында барын салған отандасымызға сәттілік серік болмады. Әйтпесе, Домингестің Айбектен айласын асырғаны шамалы. Ендеше, Оралбайұлының обал-сауабы Олимпия ойындарының төрешілерінде. Дәл осы сында грузин Лаша Гурулидің қанын сорғалатқан Мұхамедсабыр Базарбайұлы да (63,5 килограмм) көреалмаушылықтың құрбаны болғандай. Іріктеу кезеңіндегі екі жекпе-жегін тамаша өткеріп, талассыз жеңіске жеткен оның өнері ширек финалға төрелік еткендердің көңілінен «шыққан» жоқ. Сөйтіп, толық құрамда аттанған боксшылардың бесіншісі дүбірлі доданы орта жолдан аяқтады. Осы ретте Əлем чемпионы, Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері Геннадий Головкин басқаратын Ұлттық олимпиада комитеті жерлесіміздің жеңілісіне себепкер болған төрешілердің үстінен шағым түсіргенін мəлімдегенін айта кеткен жөн. «Ұлттық олимпиада комитеті Мұхамедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне қатысты шағым түсірді. Біз төрешілердің шешімімен келіспейміз жəне PBU-дан (Paris boxing Unit) түсініктіме талап еттік. Бұдан Халықаралық Олимпиада Комитеті де хабардар. Мұхамедсабыр Базарбайұлы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жеткені талассыз еді. Өткен жекпе-жектің нəтижесін қайта қарау мүмкін еместігін де түсінеміз. Алайда, біз ірі халықаралық жарыстағы төрелік əділ əрі таза болғанын қалаймыз», – деді Қазақстан Ұлттық Олимпиада Комитетінің бас хатшысы Жанар Өтешева.

НАРҚАСҚА НАРИМАН

Төртжылдықтың басты бәсекесін тамашалаған сан миллион жанкүйерді сенбінің кешінде спорттық гимнастиканың ат жаттығуы бойынша сынға түскен Нариман Құрбанов қуантты. Ол дүбірлі доданың күміс медалін олжалады. Жалпы, бұл – спорттың осы түрі бойынша отандастарымыздың тәуелсіздік алған кезеңнен бергі Олимпия ойындарының алғашқы жүлдесі. Тарихқа үңілсек, 1896 жылы Афинада алғаш рет ұйымдастырылған Олимпия ойындарының бағдарламасына спорттық гимнастика енеді. Мұнда ерлер мен әйелдерді қоса есептегенде, бас-аяғы 14 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Өткен ғасырдың екінші жартысында Юрий Цапенко мен Нелли Ким халықаралық жарыстарда шашауына шаң жұқтырмағанын ешкім де ұмыта қойған жоқ. Шымкенттік қос спортшының теңдессіз өнері әлі күнге дейін көзі қарақты көрерменнің есінде. Цапенко 1994 жылы Токиода 1 күміс пен 1 қоланы қоржынға салды. Ал, Кимнің көрсеткіші бұдан да керемет болды. Нелли 1976 жылы Монреаль, 1980 жылы Мəскеудегі додаларда 5 алтын мен 1 күміс медальды олжалады. Бұдан бөлек, 1988 жылы Сеулдегі сайыста ақтөбелік Валерий Люкин мен алматылық Владимир Новиков атой салды. Осынау жарыста Люкин 2 алтын мен 2 күмісті иеленсе, Новиков командалық сайыста жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бірақ, жерлестеріміздің бұл табысының барлығы да келмеске кеткен кеңестік кезеңнің еншісіне жазылған еді.

Иә, еліміз тәу етер тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жылнама қайта жаңғырды. Тіпті, біздің жұрттан жақсы гимнастшылар да шықты. Десе де, уақытында бір мемлекет болған Ресей, Беларусь, Украина, Латвия құрамалары Әлем чемпионаттарының медалін қанжығалап жатқанда, Қазақстаннан тек Сергей Федорченконың мерейі үстем болды. Осылайша, біз көршілес Өзбек елінде басып оза алмай қалдық. Бағымызға орай, 1997 жылы Лозаннада қолды тіреп жасалатын жаттығуда Сергей бас жүлдені иемденді. Бүгінге дейін ауыз толтырып айтып жүрген жалқы табысымыз да осы. Рас, өзге спортшыларымыз тәп-тәуір өнер көрсететін. Бірақ, бірі бағы жанбаса, өзгесінің бабы келіспейтін. Ал, Олимпиададан қоржынымыз үнемі бос қайтатын. Францияның бас шаһарында сол олқылықтың орны толғандай. Финалдық сайыста 15,433 ұпай жиған 26 жастағы Нариман Құрбанов күміс медальді еншіледі. Ол тек əлем мен Еуропаның екі дүркін чемпионы Рис Маккленаганды алға жіберді. Жерлесіміз Ирландияның дүлдүлінен небəрі 0,100 ұпай қалып қойды. Əлем чемпионы, Панамерика ойындарының жеңімпазы, америкалық Стивен Недорошик (15,300 ұпай) қола медальды қанағат тұтты. Ал, Олимпиаданың 3 дүркін чемпионы, сол жарыстың 3 дүркін қола жүлдегері, 3 дүркін əлем чемпионы жəне сол жарыстың 5 дүркін күміс жүлдегері, ұлыбританиялық Макс Уитлок төртінші орыннан аса алмаса, Рио Олимпиадасында – 2 (1 алтын, 1 күміс), Әлем чемпионатында – 5 (1+2+1), Еуропа ойындарында – 6 (3+3+0) жəне құрлық біріншілігінде 14 (7+3+4) рет жеңіс тұғырына көтерілген Украинаның мақтанышы Олег Верняев бесінші сатыға табан тіреді.

– Олимпиадалық цикл барысында өткен бəсекелер мен бағдарлама соңында жиі құлайтынмын. Бұл менің техникалық немесе тактикалық кемшілігім емес еді. Көбіне-көп психологиялық тұрғыдан ұтылатынмын. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін еш аянбай жаттықтым. Көп еңбектендім. Олимпия ойындарында өзімнің мол тəжірибеме арқа сүйей отырып, бар білгенімді толығымен автоматты түрде орындап шықтым. Ерен еңбек еш кеткен жоқ. Парижде күміс медальді иелендім. Қазір қуанышымда шек жоқ», – деген еді жеңіс тұғырына көтерілген отандасымыз.

АЙДОСТЫҢ АЙЫ ОҢЫНАН ТУМАДЫ

Өкінішке қарай, осы аптаның басы қазақстандық спортсүйер қауым үшін сәтті бола қойған жоқ. Дүйсенбіде басталған палуандар бәсекесінде алғашқы болып өнер көрсеткен қызылордалық Айдос Сұлтанғали Қырғыз елінің ұланы Жоламан Шаршенбиевке «жол берді». 60 килограмм дәрежесіндегі белдесуде біздің жігіттің 24 жастағы қырғыз палуанына әлі жетпегендей. Рас, Айдостың қарсыласы Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның үш дүркін чемпионы жəне екі дүркін финалисі. Десе де, елімізден шыққан татами шеберіне үміт артқан едік. Алайда, сеніміміз сол күйі ақталмады. Есеп – 3:6. Енді тек қырғыздар ғана емес, барша қазақ жанкүйерлері де Жоламанға үміт артуға мәжбүр болды. Өйткені ол ақтық сынға дейін алқынбай жетсе, Айдосқа қола медаль үшін таласу мүмкіндігі туындайды. Бірақ үкілі үміт ақталмады. Қырғызстанның саңлағы ширек финалда Румыния спортшысы Разван Арнаутты айқын басымдықпен (9:0) ұтқанымен, жартылай финалда Жапонияның жұлдызы Кэнъитиро Фумитадан айласын асыра алмады. Енді шешуші айқас Фумита мен қытайлық Лигуо Цао арасында өтеді. Ал, үшінші орын үшін таласатын Шаршенбеков пен солтүстіккореялық Ри-СеУннің қарсыластарына қарағанда мүмкіндігі жоғары.

ӘЛІМХАННЫҢ ӘЛІ КЕЛМЕДІ

Дүбірлі дүрмекті сәтті бастаған палуанның бірі – Әлімхан Сыздықов. Шымкенттік палуан 130 килограмда сынға түсті. Ол айтулы жарыстың алғашқы айналымында Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы, румыниялық Алин Чираруден 3:1 есебімен басым түскенде желпінбеген жанкүйер жоқ-ау, сірә. Осы сәтте біз Елдостың алтыны мен Ғұсманның қоласынан кейін тоқтап қалған жеңісті сәт қайталанар деп топшылағанбыз. Бірақ, онымыз бекер екен. Әзербайжанның намысын қорғап жүрген ирандық легионер Сабах Шариатиге Әлімханның әлі келмеді. Бұған дейін, румыниялықты сан соқтырған біздің жігіт 35 жастағы қарсыласынан оңбай ұтылды. Кездесу Шариатидің пайдасына шешілді. Есеп – 0:4.

Алайда, Әлімханнан айласын асырған Сабахтың өзі жартылай финалда сан соғып қалды. Бұл кездесуде кубалық Михайн Лопес өзінің шын мықты екенін тағы бір дәлелдеді. Айта кетейік, түркиялық Рыза Каялптың бітіспес қарсыласы Лопес Олимпиада ойындарының төрт дүркін чемпионы. Сонымен, Сабах Шариати жеңілгеннен кейін Әлімхан Сыздықов үшін де жарыс аяқталды.

Бір қызығы, Еуропа ойындары мен Дүниежүзілік универсиадада топ жарып, Олимпиадада 3, Әлем чемпионатында 10, Еуропа біріншілігінде 13, Əлем кубогінде 2 реттен жеңіс тұғырына көтерілген Рыза Каялп бұл жарысқа қатыспады. Түркияның тарланы даңқы жер жарған Михайн Лопестің дүбірлі додалардағы басты қарсыласы екені даусыз. Екеуінің жолы үнемі шешуші тұста қиысатыны тағы бар. Алайда, жуырда ғана Каялптың допинг қолданғаны анықталып, əйгілі палуан бірер жылға үлкен спорттан шеттетілді. Содан кейін жер-жаһан жанкүйерлері Бостандық аралынан ат терлетіп келген апайтөсті 2023 жылғы Әлем чемпионы жəне 2022 жылғы сол жарыстың күміс жүлдегері, Азиаданың жеңімпазы, 26 жастағы ирандық Əмин Мырзазаде тоқтататын шығар деп ойлады. Қанша дегенмен, ол Лопестен бақандай 15 жас кіші. Біраз уақыттан бері көптеген байрақты бəсекеде Əминнің асқан шеберлігіне тəнті болып, зор əлеуетін байқаған едік. Алайда, Париж төрінде азулы арыстан жас жолбарысқа алдырмағанын көз көрді. Бұл бəсекеде Бостандық аралының палуаны асықпай-аптықпай жүріп-ақ, сауатты тактикасы арқылы Мырзазадені жолынан ығыстырды. Есеп – 3:1. Осылайша, чилилік Ясмани Акостамен күш сынасқан Михайн Лопес тарихқа өз есімін алтын әріппен жазып үлгерді. 41 жастағы апайтөс бес дүркін чемпион атанған әзірге жалғыз спортшы.

ҚЫРҒЫЗ ҚЫЗЫ – КҮМІС ЖҮЛДЕГЕР

Сондай-ақ, бұл күні нәзікжанды татами шеберлері де өз өнерлерін ортаға салды. Бұрымдылар 68 килограмдағы салмақ дәрежелерінің жүлдесі үшін тартысқа түсті. Қырғыз қызы Мейірім Жұманазароваға бұл белдесу бұрынғыдан өзгерек болғаны ақиқат. Бұған дейінгі барлық қарсыластарын еш қиналмай-ақ қоғаша жапырған Мейірімге кезекті жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ол Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Африканың 13 дүркін чемпионы, нигериялық Блессинг Оборудудуданы əупірімдеп жүріп əзер ұтты. Ал, АҚШ-тың аруы Эмит Элор солтүстіккореялық Пак Сол-гумды жығып алды да, аяғынан мықтап ұстап, бозкілемде шыр айналдырды. Ол тек есеп 10-ға жеткенде ғана тоқтады. Жалпы, америкалық дәл осы тәсілді осыдан екі жыл бұрын Белградтағы Әлем чемпионатының финалында біздің Жəмила Бақбергеноваға қарсы сəтті қолданған еді. Сол кезде 18 жастағы бойжеткен Әлем чемпионы атанса, келесі жылы тағы сол нəтижесін қайталады. Міне, енді 20 жастағы сұлу қырғыз қызы Мейірім Жұманазаровадан 3:0 есебімен айласын асырып, Олимпиаданың алтын тұғырына көтерілді. Кескілескен айқаста Алатаудың бөктерінен келген Мейірімдей бұрымдының жолы болмады. Нәтижесінде Эмит күрестен АҚШ тарихындағы ең жас Олимпиада чемпионы атанды. Оған дейін бұл биікте Генри Сихудо (21 жас) мен Кайл Снайдер (20 жас 9 ай) тұрған еді.

НАЗЫМҒА БҰЙЫРҒАНЫ – ҚОЛА ЖҮЛДЕ

Жасыратыны жоқ, осы күндері дүйім жұрт боксшылардың бəсекелерін де тағатсыздана күтіп жүрді. Бұл бəсекелерде күллі қазақ жанкүйерлері Назым Қызайбайға үлкен үміт артқаны да содан. Өйткені, аса жеңіл салмақтағы қазақ қызының қазіргі қарқыны жаман емес еді. Италиялық Джордана Соррентино, бразилиялық Алмейдаде Каролине жəне колумбиялық Ингрит Валенсияны қапы қалдырған ол жартылай финалға жолдама алды. Бұл межеде Назым былтырғы əлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, қытайлық У Юмен шеберлік сынасты. Алайда, 50 килограмда шаршы алаңға шыққан қазақстандық боксшы қарсыласынан жеңілді. Бұл – Қазақстан құрамасының Париж Олимпиадасындағы үшінші қола жүлдесі. Сондай-ақ, бокстан Қазақстан құрамасының бірінші медалі.

– Қазақстан боксшысын рингте көрсеткен тамаша жекпе-жегімен және Олимпия ойындарының қола жүлдесімен шын жүректен құттықтаймын! Жекпе-жекте төрешілер Назымның қолын көтермесе де, отандасымыз шаршы алаңда жеңіс үшін аянып қалған жоқ. Рингте өз шеберлігін, жеңіске деген ерік-жігерін көрсете білді. Қазақстан бокс әлеміндегі ең үздік құрамалардың бірі екенін дәлелдеді. Бұл жүлдеде жаттықтырушылардың да еңбегі зор. Осылайша, Қазақстан қоржыны тағы бір медалмен толығып отыр. Біз спортшыларымызбен мақтанамыз. Тек алға!», – деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

ЖАПОНИЯ БӘРІНЕН ОЗДЫ

Париж Олимпиадасында жалпыкомандалық есепте Жапония бәрінен озды. Күншығыс елінің өкілдері 8 жүлде олжалады. Франция – екінші орында. Татами қожайындары 10 медальды иеленді. Көршілес жатқан қос ел – Əзербайжан мен Грузия үшінші жəне төртінші орындарды өзара бөлісті. Бесінші жəне алтыншы сатыларға Бразилия мен Өзбекстан жайғасты. Қазақстан алтыншы орынға табан тіреді. Бізден кейінгі сатыларға Канада, Хорватия, Словения, Италия жайғасты. Міне, Парижде осы мемлекеттердің ғана əнұраны шырқалды. Сондай-ақ тағы 15 елдің туы көкте желбіреді.

Есен ӨТЕУЛІ