КІШІ ФУТБОЛДАН ТУРНИР ӨТТІ

Өткен аптаның жұмасында Бірлік ауылының кіші футбол алаңшасында 12 тамыз — Халықаралық жастар күніне орай, Жамбыл облысының 85 жылдығы қарсаңында кіші футболдан аудандық турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов арнайы қатысып, жастар қауымын атаулы мерекемен құттықтады. Жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы деп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Содан соң мемлекеттік әнұран орындалды.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, ауданның құрметті азаматы, спорт ардагері Ерқадыр Жұмабаевтар қатысты.
Ашылу салтанатының арнайы қонақтары ауданның құрметті азаматы, спорт ардагері Ерқадыр Жұмабаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықовтар жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ақжарма тілектерін білдірді.
Спорттық сайысқа барлығы 14 команда қатысып, 3 команда жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды.
Турнирдің нәтижесінде I орын — Көкжелек 2, II орын — Мыңарал жастары, III орын — Достар командасы иеленді.
Топтан озат шыққан жастармен белсене қатысқан командалар арнайы алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ, Мойынқұм ауданы