ДИНАНЫҢ КҮЙЛЕРІ
Дина Нұрпейісова танымал күйшілердің шығармаларын орындап қана қоймай, өзі де күй шығарды. Ұзатыларда әкесінің еншің деп мінгізген қарақасқа атына арнап шығарған “Қарақасқа ат” күйі, өзі пір тұтатын күйшілері Дәулеткерей мен Түркешке еліктеп шығарған “Бұлбұл”, “Жігер”, “Байжұма” сияқты күйлері, ақылды да айбарлы абысынына арналған “Кербез” күйі, қадірлес замандастарына сүйсінуден туған “Қосалқа” күйі қалды.
Бұдан бөлек, үлкен ұлы Жұрынбай 1916 жылы майданның қара жұмысына алынғанда “Он алтыншы жыл” (“Набор”) деген күйі осы оқиғаға арналып шығарылды. Шығармада Құрманғазының Исатай мен Махамбетке арнаған “Кішкентай” күйінің әсері байқалады. Тағы бір баласы Қоңырға арнаған “Әсем қоңыр” күйі де бар.
Дина Нұрпейісова жасының ұлғайғанына қарамастан, Қазақстанның 20 жылдығына орай “Тойбастар”, Отан соғысы жылдарында “Ана бұйрығы”, “Жеңіс” сияқты күйлер шығарды.