БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ
Жақында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов Құмөзек, Қарабөгет, Сарыөзек және Ұланбел елді мекендерінде іссапармен болып, білім-тәрбие ошақтарының құрылысы, фельдшерлік-акушерлік пункттерінің жай-күйі және су тораптарының жағдайымен танысып, қысқы жылыту маусымына дайындық барысын бақылады.
Алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әлімханұлы Құмөзек ауылына аялдады. Онда Құмөзек ауылының су торабының жағдайын көріп, Ы.Алтынсарин орта мектебінің қысқы жылыту маусымына дайындығы мен қазандықтардың жай-күйін пысықтады. Жалпы аудан бойынша 2024-2025 жылдарға қысқы маусымға білім саласындағы мекемелерге – 11 023 тонна көмірге тапсырыс беріліп, қаралған қаржы көлемі 252361,0 мың теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 5 366 тонна көмір Шу қаласындағы теміржол тұйығына түсіріліп, 2253 тонна көмір білім нысандарына жеткізілді. Ал аталмыш мектепке 230 тонна көмір түскен.
Сонымен қатар Ержан Әлімханұлы атбасын Қарабөгет ауылына бұрып, жаңадан бой көтеріліп жатқан 80 орындық мектептің қазіргі уақытта атқарылған құрылыс жұмыстарын көрді. Қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын көрген аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әлімханұлы жаңа оқу жылына уақытша дайындалған орынның жағдайымен танысты.
Сапар барысы Сарыөзек ауылына жалғасын тауып, аталған ауылда салынып жатқан медициналық тірек ғимараты құрылысының жұмыстарымен танысты. Жобалық құны 118,3 млн. теңге болатын медициналық тірек ғимараты құрылысына және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына жобалық құны 84,0 млн. теңге облыстық бюджетті нақтылау барысында қаржы қаралған. Бүгінгі таңда жұмыс кестесі бекітіліп, құрылыс қарқынды жүргізілуде. Аталған нысан жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады.
Сапар соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов Ұланбел ауылындағы М.Әуезов мектебінің қазандығының жай-күйін көріп, түсірілген отынның сапасына мән берді. Сонымен қатар Ұланбел ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің материалдықтехникалық жабдықталуымен арнайы танысты.
Ержан Әлімханұлы елді мекендерді аралау барысында анықталған кемшіліктер бойынша тиісті бөлім басшысына және ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, тапсырма орындалуымен құнды екенін жеткізді.
Сонымен қатар Ержан Әлімханұлы Ұланбел елді мекеніндегі шаруалардың шабындыққа шалғы түсіріп, шөп шабу науқанын көзбен көріп қайтты. Сондайақ қызу жүргізіліп жатқан жұмыстарға сәттілік тілеп, шабындықтағы техникалардың жай-күйі мен қысқы мал азығы қорының көлемін бақылады.
Аудан көлеміндегі мал азығын дайындауға белгіленген жер көлемі 27 159 гектар болса, соның ішінде көпжылдық шөп 3102,0 гектар. Бүгінгі уақытта 2910,0 гектар көпжылдық шөп шабылып, 93,8%-ға орындалды.
Қуаныш КӨБЕНҒАРАЕВ.
«Мойынқұм таңы».