АУЫЛДЫҚТАРДЫ АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін жұмыс кестесіне сәйкес, Жаңақоғам ауылдық округінде болып, жергілікті тұрғындармен кездестік. Еркін пікір алмасу барысында ауылдықтар елді мекенге қатысты түйткілді мәселелерді атап, оның шешілуіне атсалысуды сұрады.
Басқосу барысында ауыл азаматтары көтерген ең негізгі мәселе — ауыз суға қатысты болды. Елді мекеннің ішкі ағын су жүйесінің құрылысына, оның сапасы мен мерзіміне қатысты да бірқатар сауалдар қойылды. Тиісінше, аталған түйткілдерді шешудің тетіктері қарастырылды.
Қазіргі кезде егістік алқаптарындағы шаруалар бел жазбай еңбек етіп, мол өнім алудың қамымен жүргені белгілі. Бұл ретте ағын суды алқапқа дер кезінде жеткізудің маңыздылығы жоғары. Сол себептен де тұрғындармен ағын суды егістікке жеткізу сынды бірқатар мәселелерді де талқыладық.
Сонымен бірге Қорағаты ауылдық округіне қарасты елді мекен тұрғындарымен де кездесіп, жергілікті халықтың талап-тілегіне құлақ түрдік. Мұнда да ауылдықтардың көкейінде жүрген барлық сауалдарға жауап берілсе, енді бірі бақылауға алынды.

Бақытжан Жәнібеков,

Шу ауданының әкімі