Таразда алғаш рет бас сүйегінің ақауына бірегей операция жасалды

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 14 жастағы баланы әкелген ата-анасы ұзақ уақыттан бері оны бас ауруы мазалайтынығын айтады. Алты ай бұрын оның бас сүйегіне хирургиялық араласу (декомпрессиялық трепанация) жасалыпты. Содан кейін бала өткір іріңді пансинуситпен, қайталама іріңді менингитпен ауырып, мидың ортаңғы құрылымдарының диффузды ісінуіне ұшырап, сондай-ақ инфекциялық ауруға да душар болған.
Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Саят Жұмабаевтың айтуынша, тексеру барысында мидың бақылау суретінде оң жақтағы костопластикалық трепанациядан кейін бірқатар ақаулар белгілі болған.
Балалар нейрохирургтары мен реаниматологтарының құрамымен жасалған консилиумнан соң, мидың қайта жарақаттануын болдырмау үшін Жамбыл облысында алғаш рет балаға 3D-принтерде жасалған пластикпен ақауды жабу отасы жасалды. Өз деңгейінде, әрі тәжірибелі, кәсіби мамандардың бірігуімен жасалған хирургиялық араласу сәтті өтіп, пациенттің жағдайы жақсарды. Операция имплантты дәл орнатуға мүмкіндік беретін ең жаңа pentero 900 операциялық микроскопының көмегімен жасалды.
Реаниматологтар мен нейрохирургтардың барынша жоғары деңгейдегі күш-жігерінің арқасында бала неврологиялық зардаптарсыз емделіп, жағдайы жақсарған соң, үйге шығарылды.