КҮШАМАНДЫҚТАРДЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ БОЛДЫ

Өткен аптада аудан орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орталық стадионда спорт күніне орай аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен кіші футболдан аудандық жарыс өтті. Жарысқа Қарабөгет, Мойынқұм (екі команда), Жамбыл, Күшаман, Көкжелек, Хантау, Бірлік ауылдарының командалары қатысты.
Жарыстың ашылу сәтінде сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов спортшыларды құттықтаған тілегін айтып, бірқатар спортшыларға «Ауданға сіңірген еңбегі үшін», «Аудан спортына сіңірген еңбегі үшін» медальдарын табыс етті. Содан соң аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов та жылы лебізін білдіріп, еңбегі сіңген спортшыларға ауданның Құрмет грамотасын табыстады. Ал спорт саласына елеулі еңбек сіңірген мойынқұмдық ардагер, спортшы Оразбек Молдабаев жарысқа қатысушыларға аталық батасын берді. Аса тартысты өткен бәсекеде Күшаман ауылының футболшылары бірінші орынды иеленді. Ал Көкжелек және Мойынқұм (Мойынқұм жастары) ауылдарының командалары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
Жарыс соңында жарысқа аса белсенді қатысқан футболшылар мен үздік командаларға арнайы дипломдар тапсырылды.
Жолдыбай ДӘМЕТОВ,
Мойынқұм ауданы