АТАҒОЗЫ БАТЫРДЫҢ РУХЫНА!

Құлпытасы қара жердің қазығындай зіл-батпан,
Ескі Бейнеу -Пір Бекет боп тіл қатқан.
Төрт құбыланың патшасындай керіліп,
Атағозы атамыз ба, бек- баһадүр,кім жатқан?!
Алшайғанда алты қырға дем берген,
Қуат алдым дәл осынау жерден мен.
Бір қара бұлт шөккен нардай төс табаны түрілген,
Атағозы сол ма,әлде, етек -жеңі кең келген.
(..Әрі батыр,әрі би, шығармаған дұшпанды шаршы менен шеңберден).
Айтқан сөзі -атылған оқ,
мүлт жібермес нысаналы мергенім,
Қаз -қаз басқан күрең нар,
көсемісің бізге біткен керменің.
Сен -Маңғыстаусың,
Жол көрсетіп,ел бастаған еренім!
(..Атағозы -ұлы даңғыл,кім тағады ерге мін)
Қаптың суын сапырған,
Дауыл тұрды,жел тұрды,
Сосын талай дәурен өтті,шер тұнды.
Шідер салып шектеді,
Тұсау салып тұқырды,
Көк талақ қып көркімді, алып қойды еркімді.
Аңызақта сыбызғы боп,ақ сүйегі бабамның,
Көкте — Құдай,жерде -Әулие шағып жаттым саған мұң.
Орыс,*Хиуа,Теке,Жәуміт..,
Оны ұмытсам кім болдым?..
Бәрі есте,*Еділ — Жайық,
Жем мен Сағыз,Шағанмын.
Хандар түсіп атынан,қара сенің есіміңді жаттады,
Бозторғай боп жырлап жүр,тақтағы мен ақ таңы.
Атағозы — ақ бесік,саған басын сүйеп тұр,
Күңіренген *Күйкенмен,
*Манашының шатқалы.
Ай азуын балдақ қылып,
Күн құшағын мекен қылып қалдырған,
Сағана там,Сам құмына алтыннан зер салдырған.
Қайран менің Шалдарым..,
Ішіп тұрмын жүрегіммен сіміріп,
Шындығыңды шыңыраудан алдырған!..
—————————
*—Ел,жер,ру атаулары.
*Атағозы батыр -Айтқұлұлы Атақозы батыр.
(1704 — 1794).
Сабыр Адай