«Айналамыздағы табиғи және жасанды радиоактивтілік»

«Радиация» деген сөзді естігенде көз алдымызға бірден атом электр станциялары, жаппай қырып-жоятын қарулар немесе радиоактивті қалдықтар елестейді. Дегенмен, бұл біржақты көзқарас. Радиация әдетте көрінбейді және барлық жерде кездеседі, бірақ — қандай мөлшерде? Жалпы алғанда, планетадағы барлық сәулелену көздерін табиғи (ғарыштық сәулелену, газдар, радиоизотоптар) және жасанды (адамдар жасайтын) деп бөлуге болады.

                                          Табиғи радиоактивтілік

Табиғи радиация әрқашан болған: адам пайда болғанға дейін, тіпті біздің планетамызға дейін де. Бізді қоршап тұрғанның бәрі радиоактивті: топырақ, су, өсімдіктер мен жануарлар. Табиғи радиоактивтілік қайдан келеді? Үш негізгі дереккөз бар:

  1. Ғарыштық радиация мен күн радиациясы — көзді ашып-жұмғанша Жерді де, ондағы барлық тіршілікті де жойып жіберуі мүмкін орасан зор қуат көздері. Бақытымызға орай, бізде радиацияның бұл түрінен сенімді қорғаушы — атмосфера бар. Дегенмен, адамның қарқынды қызметі озон саңылауларының пайда болуына әкеледі, сондықтан кез келген жағдайда тікелей күн сәулесінің әсерінен аулақ болу керек. Ғарыштық радиация әсерінің қарқындылығы теңіз деңгейінен биіктігі мен ендігіне байланысты. Сіз Жерден жоғары болған сайын ғарыштық радиация соғұрлым қарқынды болады, әр 1000 метр сайын соққы күші екі есе артады.
  2. Жер қыртысының радиациясы. Ғарыштық радиациядан басқа, біздің планетамыздың өзі радиоактивті. Оның бетінде көптеген минералдар бар: гранит, сазды тау жыныстары және т.б. Олар тек кен орындарының жанында ғана қауіп төндіреді, бірақ адам әрекеттері радиоактивті бөлшектердің үйімізге құрылыс материалдары түрінде, көмірді жағудан кейін атмосфераға, фосфор тыңайтқыштары түрінде жер учаскелерінетүсуіне сеп болады.
  3. Радон – түсі, дәмі және иісі жоқ радиоактивті инертті газ. Ол ауадан 7,5 есе ауыр және, әдетте, құрылыс материалдарында радиоактивтілікті тудыратын зат (газ). Радон жер астында көп мөлшерде жиналуға бейім, бірақ ол тау-кен өндіру кезінде немесе жер қыртысындағы жарықтар арқылы жер бетіне шығады. Радон біздің үйлерімізге тұрмыстық газбен, ағын сумен (әсіресе ол өте терең ұңғымалардан алынса) белсенді түрде кіреді немесе ол жай ғана топырақтағы микрожарықтар арқылы өтіп, жертөлелерде және төменгі қабаттарда жиналады. Радонның құрамын азайту, басқа радиация көздерінен айырмашылығы, өте қарапайым: жай ғана бөлмені үнемі желдетіп тұрса, қауіпті газдың концентрациясы бірнеше есе төмендейді.

                                         Жасанды радиоактивтілік

Жасанды радиоактивтіліктің табиғи сәулелену көздерінен айырмашылығы — ол тек адам күшімен ғана пайда болған. Адам жасаған ядролық қару, атом электр станциялары, медициналық жабдықтар, өндірістік радиоактивті қалдықтар, Чернобыль АЭС апатынан кейін «тыйым салынған» аймақтар — негізгі техногендік радиоактивті көздеріне жатады.

Біз өз өміріміз бен денсаулығымызға жауаптымыз. Өзіңізді радиациядан қорғаңыз.

Алматы қаласы Наурызбай ауданының

санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы

 Конеева В.И.

Алматы қаласы Наурызбай ауданының

санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының бас маманы

Умиркулова Ш.А.