Шу қаласының тұрғындарына пәтер кілттері табысталды

Конституция күні қарсаңында Шу қаласында бірқатар отбасы баспаналы болды. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев үйлі болған қоныс той иелерін құттықтап, салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстады.

Шу қаласында 1 745 азамат тұрғын үй кезегінде тұр.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өткен жылы қала тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша 60 баспана табысталған. Төле би ауылында 14 пәтерлі жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 100 тұрғын үйдің кілтін тапсыру жоспарланған.

Жаңа көпқабатты тұрғын үй 2 қабаттан тұрады. Мұнда 2-3 бөлмелі 8 пәтер қарастырылған.

– Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Мемлекет басшысының басты назарында.

«Баспана – бақыт кілті» демекші мемлекеттік бағдарламалар аясында облыста тұрғын үй салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға, халықтың тұрмыс мәселесін шешуге септігін тигізері анық, — деген Ербол Қарашөкеев қоныс той иелеріне пәтер кілттерін табыстап, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі.

Мерекелік жиында ақсақалдар ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты.

Бүгін Шу қаласының тұрғыны Гүлзинат Аманжоловаға да баспаналы болу бақыты бұйырды. Ербол Қарашөкеев көпбалалы ананың жаңа шаңырағына құтты болсын айтып, теледидар тарту етті.

– Қуанышымызда шек жоқ. Ұл-қызым шат-шадыман күйде жүр. Мемлекет қолдауын сезініп, 3 бөлмелі пәтерге ие болдық. Алғысымыз шексіз, — деді 7 ұл-қыз тәрбиелеп отырған ана.

Айта кетейік, Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді.

2023 жылы 19 тұрғын үй (1 100 пәтерлі) пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы 51 көпқабатты тұрғын үйді (2 569 пәтерлі) тапсыру жоспарланған.

Сонымен қатар тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін өткен жылы 864 пәтер сатып алынса, ағымдағы жылы 23,2 млрд.т теңгеге 1 575 пәтер сатып алу көзделуде.

Жамбыл облысы