Бүгін Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде аудан педагогтерінің жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын тамыз кеңесі болып өтті

Аталмыш шараға ұстаздардан бөлек аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, санаулы күндерден кейін шымылдығы түрілгелі отырған жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Жалпы аудан аумағында аталмыш саланың сатылап дамуына үлкен мән беріліп отыр. Сандық статистикаларға көз жүгіртетін болсақ, аудандық білім бөліміне қарасты 39 мектепті толықтай қамтамасыз етуге 2023-2024 оқу жылында 18 млрд. 697 млн. теңге қарастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылы 1-4 сынып оқушылары бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылып, оған бюджеттен 155 млн. 790 мың теңге бөлінсе, жаңа оқу жылында бұл қаражат 335 млн. 457 мың теңгеге дейін ұлғайып отыр. Бұл туралы педагогтерге аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов кеңінен мәлімдеді. Сондай-ақ, ауданның бас ұстазы білім алушыларды қауіпсіз және қолайлы ортамен қамтамасыз ету бағытында мектептерге 520, балабақшаларға 380, ал, қосымша білім беру ұйымдары 30 бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілгенін сөз етті. Бұдан бөлек мектептердегі физика, химия, биология, робототехника, STEM кабинеттері мен қыздарға және ұлдарға арналған шеберханаларды қажетті құралдармен қамту үшін бюджеттен 156 млн. 471 мың теңге бөлінгенін айтты.

Жиында аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова да сөз сөйледі. Ал жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ернар Серікәліұлы жас ұрпақты тәрбиелеу жолында қажырлы еңбектеніп жүрген ұстаздардың өлшеусіз еңбегін ерекше бағалап, өз алғысын білдірді.

Шара соңында өткен оқу жылында жемісті еңбек еткен бірқатар ұстаздар марапатталды.