ҚАЗЫҒҰРТТА ТАҒЫ БІР ЖАҢА МЕКТЕП ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
ҚР Конституциясы күні және жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында Қазығұрт ауданына қарасты Қызылқия ауыл округі Атажұрт елді мекенінде 100 орындық «Айнатас» атындағы негізгі орта мектебінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне табысталды.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов Атажұрт елді мекеніндегі тұрғындарды мерекемен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, қуаныштарына ортақтасты. Қазығұрт ауданының құрметті азаматы Н.Аширов, Қызылқия ауыл округының ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қонақбаев , ауыл ақсақалы А.Байшукуров құттықтау сөзін сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Жаңа нысанның лентасын қию рәсіміне қатысып, білім ордасын аралады.
Айта кетейік, биылғы жылы аудан бойынша 2 мемлекеттік және 1 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Атажұрт ауылы бұған дейін мектебі жоқ елді мекендер қатарында еді. Жаңа мектептің ашылу салтанатында жергілікті тұрғындар қуаныштарын жеткізіп, алғыстарын білдірді.
Қазіргі таңда бұл мектепте 235 оқушыға 21 мұғалім сапалы білім беріп, саналы ұрпақ қалыптастыру тұрғысында еңбек ететін болады. Мектеп 2 қабаттан тұрады. 19 оқу сыныбы, 35 орынды асхана, арнайы пән кабинеттері (физика, химия, информатика) қарастырылған. Бұдан бөлек, зертхана, ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалары барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған. Спорт залы тек мектеп ішінде емес, мектеп ауласында ойын алаңдары ретінде жасалған. Білім ордасының қауіпсіздік жағы да күшейтілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі