Маятас ауылында жаңа білім ордасы оқушыларға есігін айқара ашты
Сарысу ауданында сапалы және қолжетімді білім алуға барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Жыл сайын білім саласына бөлінген қаражат көлемі ұлғайып, білім ошақтарының материалдық- техникалық базасы нығайып келеді.
Биылдың өзінде 1 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, 2 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, 2 мектепке және 1 қосымша білім беру мекемесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгін ауданымыздағы Маятас ауылының тұрғындары үшін қуанышты күн болды.
Ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар үшін ерекше тебіреніске толы бүгінгі Білім күні Маятас ауылында жаңа білім ордасы оқушыларға есігін айқара ашты.
50 оқушыға арналған типтік үлгідегі жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Жаңа оқу ордасының салтанатты ашылуына аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, ауылдықтарды қуанышымен құттықтады.
» Мемлекеттік қолдаудың арқасында балаларымыз осы оқу жылдан бастап кең, заманауи талапқа сай жабдықталған мектепте білім алатын болады. Жаңа оқу ордасы ұстаздар қауымы үшін де жемісті болады деп сенемін», — деген аудан басшысы Донда Сенбин атындағы орта мектептің салтанатты ашылуына арнайы келіп отырған Донда Сенбин ұстаз атамыздың ұрпағы Сенбин Болат Ажақайұлына және сондай-ақ, жаңа мектептің құрылысын жүргізген «ҚазМұнайҚұрылыс» компаниясының басшыларына, құрылыс жұмыстарына ат салысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Айтулы шараға арнайы келіп қатысқан заңгер, заң ғылымдарының профессоры, әділет генералы жерлесіміз Болат Сембинге қазақы дәстүрмен ауыл тұрғындарының атынан иығына шапан жапты.
Бұдан соң, «Құрмет белгісі» наградасының иегері, ҚР Прокуратурасының құрметті қызметкері. Заң ғылымының кандидаты, профессор, әділет генералы Болат Сембин Ажақайұлы сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірсе, мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізген компания басшысы Асылбек Жантаев мектеп директорына жаңа білім ордасының кілтін табыс етті.
Жаңа мектептің лентасы салтанатты жағдайда кесілді.
Аудан басшылары мен қонақтар жаңа оқу ордасын аралап көрді.
Жүздері бал-бұл жанған оқушылар жаңа мектептің табалдырығын қуана аттады.