Тәкәппарлық — жарға жығады…
Бүгінгі адамдар тым тәкәппар болып барады. Бір-біріне құрметі жоқ. Тіпті, түсінуге тырысайық түгілі, сөзіне құлақ та салмайды.
Жүйкеміз тозып біткен. Ватсаппен келген 1 минуттық аудиохабарламаны соңына дейін тыңдауға төзіміміз жетпейді. Сол дауысты хабарламаны қалыпты 1 деңгейімен емес, 1,5 немесе 2 деңгейімен тездеттіріп, жынды адам сияқты тыңдап шығамыз.
Неге?
Себебі, толассыз асығыспыз.
Қайда асығамыз?
Өсек есітуге не оқуға асығамыз. Қолымыздағы телефонның іші толған қоқыс: өсек-аяң, боқтау-боғауыз т.б.
Соның біреуін естімей қалсақ, өліп кететіндей асығамыз…
Не сұмдық?
Түкке керексіз ақпаратсымақтар мен жалаңаштанған еркек-әйелдер…
Кітапты қолымызға алмаймыз, газет-журнал қарамаймыз…
Тек қана телефон мен өсек…
Баяғыда бір тәкаппар адам елдің арасында аяғын созып, керіліп отырған екен, мұны көрген Қожанасыр да оған қарай аяғын созып алады. Бұған тәкаппар адам ашуланып, айғайлайды:
— Өй, сен маған құрметсіздік жасадың ғой, сені мен есектің арасында қанша айырмашылық бар өзі? — дейді.
Сонда Қожанасыр дереу өзімен әлгі адамның арасындағы қашықтықты өлшеп:
— Есек пен менің арамдағы айырмашылық 3 метр, — деп жауап берген екен.
***
Сірә, бүгінгі тәкәппарлар мен есектің арасы да алыс емес…
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА.