Басты мақсат-халықты сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету
Ауыз су саласы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қ.Мәдібектің БАҚ өкілдерімен өткен брифингте ағымдағы жылы атқарылған жұмыстары кеңінен баяндалды.
Күні кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажет екендігіне айрықша назар аударды. Бұл мәселе Жамбыл облысы үшін өте өзекті екені айқын.
Қай уақытта да тіршілік нәріне сұраныс артатыны сөзсіз. Әсіресе, тұрғындарға берілетін ауыз су сапасы – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Бүгінде облысқа қарасты өңірде 371 елді мекен бар. 4 қала және 367 ауылдық елді мекен.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы екі жылда қала және ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету қажет.
Қазір ауыз сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші халық санымен санағанда қалаларда 97,5% (513,4 мың адам), ауылдық елді мекендерде 94,9% (655,7 мың адам) болып отыр.
Ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен (35,4 мың адам) және Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алқап қалды (6,9 мың адам).
Ағымдағы жылы ауыз суға жалпы 21,5 млрд. теңге бөлініп, 68 жоба іске асырылуда.
Оған 37 елді мекен (құрылыс — 22 е.м., КБМ — 15 е.м.) мен 2 қаладағы 5 тұрғын алқапты (13,6 мың адам) сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Нәтижесінде, жыл қорытындысымен ауыз сумен жабдықтау көрсеткіші қалаларда 98,8% (524,4 мың адам), ауылдық елді мекендерде 98,1% (651,8 мың адам) болады.
Республикалық бюджеттің 2025 жылғы жоспарын қалыптастыруға 23,9 млрд. теңгеге 30 жоба ұсынылды.