Жамбыл облысында 79 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтуде
Жалпы облыстың 4 қаласында жалпы 1 831 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 599-ы қанағаттанарлық жағдайда (32%), 561-і күрделі жөндеуден өткен (30%), 671-і жөндеуді қажет етеді (36%).
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында 2011-2023 жылдары аралығында жалпы 17,0 млрд. теңгеге 561 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті (11,8 млрд. теңге РБ — 363 үй, 2,0 млрд. теңге ЖБ — 67 үй, 3,2 млрд. теңге қайтарым қаражат — 131 үй).
Бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылы жалғасын тауып, жалпы 5,9 млрд. теңгеге 79 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтуде, оның ішінде Тараз қаласында — 53 үй, Жаңатас қаласында — 12 үй, Шу қаласында — 10 үй, Құлан ауылында — 4 үй.
Нәтижесінде, жөндеуді қажет ететін үйлердің саны 32,3%-ға төмендейтін болады.
Инфрақұрылым, құрылыс, энергетика, тұрғын-үй, көлік салалары тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды бағыттар екені сөзсіз. Осы бағытта Жамбыл облысы әкімінің осы салаларға жетекшілік ететін орынбасары Мәдібек Қанатбек Қайшыбекұлы жұмыстарды жүйелі түрде атқарып келеді. Күн сайын жаңғырту жұмыстарының басы-қасында болып, жұмыстың сапасын қадағалап, әр аудандағы жұмыс барысын бақылауда ұстап келеді.
Жалпы,облыс орталығы Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй болса, 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан.
Оның ішінде 614 үй жөндеуден өткізуді қажет етеді. Биыл 53 көпқабатты тұрғын үйді модернизациядан өткізу жоспарланған.
Бүгін Қанатбек Қайшыбекұлы Тараз қаласындағы осы 53 үйдің жұмыстарын көзбен көріп, кезекті қадағалау жұмыстарын жүргізді.
Атап айтсақ: «Ақбұлақ» (1) м.а. 23 үй, «Аса» (10) м.а. 30, 23 үйлер, «Мыңбұлақ» (9) м.а. 33, 66 үйлер.
Тұрғындармен жолығып, олардың сауалдарына жауаптар берді. Облыстың отын-энергетика кешендерімен алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары туралы да айтып өтті.
Тұрғындармен кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалпы ел аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы іске асырылып жатқандығын тілге тиек етті.
Бүгінгі күнге ұйымдастырылған сенбіліктер нәтейжесінде 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 818 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 129 мың аулалар мен 4,5 мың шақырым көше жолдары тазартылғанын, 16 мың тонна қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылғандығын жеткізіп, баршаны тазалық жұмыстарына бір кісідей атсалысып, әр адам тазалықты табалдырықтан бастау қажет екендігін баса айтты.