Ерке-тотай
Әр отбасында қыдырудан қолы тимейтін біреу болады. Біздің үйде – әжем. Алты жыл бұрын атам қайтыс болған, содан кейін әжем біздің қолға көшіп келді. Әке-шешем балаларымыз, яғни мені және әпкемді айтады, жасөспірім кезде ешбір қиындықсыз өскен соң осындай шолжаң әжені әдейі жіберген деп күледі.
Мысалы, әжем шілдедегі зейнетақысын ала сап, бір аптаға жан құрбысын ілестіре теңізге кетіп қапты. Телефоны өшірулі. Ақшасы біткен кезде бір-ақ хабарласты. Шешем есінен адаса жаздады. Екеуін ап келуге кетті. Әкем күлкіге қарық болды. Енесіне «келесі жолы ерте кетші» деді.
Әжем диабетпен ауырады. Бастапқы кезеңі екен. Учаскелік дәрігер жеуге болмайтын тамақты тізе бастағанда, әжем жұлып алып:
— Жей берсем, не болады? – деп сөзін бөлді.
— Өліп кетесіз ғой, — деді дәрігер қатал дауыспен.
— Мәссаған! Рас па? 86 жаста сондай қауіп бола ма екен?
Несін айтасыз, инсулинді егіп алып, бәрін жей береді. Аулада ер кісілермен шахмат ойнап, ұтып кететінін қайтерсіз. «Көңілді кемпірлер» деген хорда ән салады. Театрдағы қойылымдарды жібермейді. Қаладағы тегін іс-шараның бірде бірінен қалмайды.
Жақында жесір қалған бір шал тауып алыпты. Өзінен 8 жас кіші. Енді екеуі бірге қыдырады. Өткенде жігіті квадроциклмен серуендетіп келіпті. Бірде кешкі аста екеуі отырып екі литр шарап ішіп, сосын теледидар көреміз деп, құшақтасқан күйі отырған жерінде ұйықтап қалған. Құдды жасөспірімдер сияқты. Саяжайдан келгенде сол отырыстарының үстінен түстік. Осылайша Коля атамызбен таныстық. Шешем тілден қалды. Әкем күлді. Біз таң қалдық.
Әжемді жақсы көрем. Менің таныстарымның арасындағы ең позитив адам сол. Ол өмірді жақсы көреді. Өмірден ләззат алуды біледі. «Мама, бұның не?» дейтін қызына, «Өмір деген осы емес пе?!» деп жауап береді.
Мен де осылай қартайғым келеді.
©Алсу Гильмутдинова
Аударған Шынар Әбілда