Ербол Қарашөкеев бейбіт күннің батырына құрмет көрсетті

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бейбіт күннің батыры – мойынқұмдық Мәди Әлиевпен кездесіп, құрмет көрсетті.

Еске сала кетейік, 13 қыркүйек күні Шу ауданы аумағында екі көлік соқтығысып, жол апаты орын алған болатын. Мәди Әлиев жарылыс қаупіне қарамастан, өртеніп жатқан көлікке қарай ұмтылып, 5 адамды алып шыққан. Өкінішке қарай, оның ішіндегі 1 азаматша оқиға орнында мерт болса, қалған төртеуі аман. Бүгінде олар ауруханада ем алуда.

Ербол Қарашөкеев бейбіт күнде басын қатерге тігіп, ерлік көрсеткен Мәдиге алғыс білдіріп, жамбылдықтардың атынан ризашылығын жеткізді.

Жауапты сәтте үрейге бой алдырмай, басын қатерге тіккен батырдың ұлы Жансұлтанға да сәттілік тіледі.

— Қызыл жалынға оранған көліктен адамдарды алып шығып, нағыз ер азаматқа тән әрекет ете білдіңіз. Ештеңеден қаймықпай, адам жанына араша түсу — екінің бірінің қолынан келмейтін іс.

Сіздің ерлігіңіз бен жанқиярлығыңыз жоғары құрметке лайық! Сіз өскелең ұрпаққа үлгі болар өр тұлғасыз! Бүгінгі күннің батыры әрі нағыз қаһарманысыз!

Әрине, жол қателікті кешірмейді. Жол заңы дұрыс жүріп, абай болуды талап етеді. Ережені елемей, жүйіткіген жүргізушілер көп. Салдарынан түрлі жазатайым оқиғалар орын алуда. Адамдардың өмірі қиылуда.

Сізге адам өміріне араша түскеніңіз үшін алғысым шексіз! Сіз Батыр деген атқа лайықсыз! – деді облыс әкімі.

— Қиындыққа тап болған адамдарға қол ұшын созу – әрбіріміздің парызымыз. Бес адамды шығарған бойда автокөлік жарылды. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген жағдай болды. Мені құрметтеп, ізгі тілектерін білдіріп жатқан азаматтарға алғысым шексіз, – дейді бүгінгінің батыры Мәди Мақсұтұлы.

 

Айта кетейік, Мәди Әлиев «Бурылбайтал» орман шаруашылығы мекемесінде орманшы болып жұмыс істейді. Бүгінде 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр.

Жамбыл облысы әкімдігі