Алтын Орданы құлатқан Ақсақтың хаты
Ақсақ Темір – кезінде сәбеттік, орыстық идеология тебіндеп тұрған кезде тарихи қаһарманға айналған озбыр тұлға. Өзі Боданшар әулетінен, қан жағынан Шыңғысқа жақындығы бар. Моңғол текті барлас руынан шыққанымен, болмысы сарттанып, парсыланған жатақтың нағыз өзі.
Атасы Шыңғыс қағанның жосынымен Тәңірлік ұстанымдағы империяны қайта көтермек болғаны үшін (Бір деректер солай меңзейді.Өзге де себептер жетерлік) Алтын Орда ханы Тоқтамысқа қарсы Ақсақ Темір жиһад соғысын ашты.
1391 жылы ұзақ қысты өткеріп, (ескіше 793 жыл) жорыққа аттанған Ақсақтың (1336-1405 ж.ж) екі жүз мың қарулы жасауылы Самарқаннан суыт аттанып, көкек айында Сарыарқаның сары даласындағы Ұлытаудың етегіне ат тұмсығын тірейді. Ұлытау ол кезде Жошы ұлысының ұйтқысы, Алтын Орданың саяси әрі рухани орталығы еді.
Ұлытау мен Кішітау баурайының құнарлы шөбі, мөлдір суында ат жабдап, қол тынықтырған Ақсақ Алтыншоқыда тасқа қашатып төмендегі сөздерді жаздырды:
«Қайырымды, мейірімді Алланың атымен бастаймын! Өмірді және өлімді беруші де данамыз! Тарихтың жеті жүз тоқсан бірінші қой жылы, жаздың ара (1391 ж. 6 көкек) айы Тұранның сұлтаны Темір бек екі жүз мың әскермен Бұлғар ханы Тоқтамысқа қарсы соғыспаққа жүрді. Бұл жерден өтіп бара жатып белгі болсын деп қорған тұрғызып, жазу қалдырды. Тәңірім нәсіп берсін! Тәңірім ел адамдарына рақым қылсын! Олар бізге дұға арнап, еске алсын! Әмин! Тұранның сұлтаны Темір бек».
Кешікпей екеуіні арасында сұрапыл шайқастар басталды.
1395 жылы Тоқтамыс пен Темір арасындағы тірес Солтүстік Кавказда, Терек өзені бойында өтті. Сол дәуірде ең үздік қолбасшы саналған Тоқтамыс ханның жасағын жеңген Ақсақ Темір кешікпей Алтын Орданың астанасы Сарай-Беркені басып алды. Қызыл өртке оранған қала жұртының көбі құлдыққа сатылды. Жеңген сайын есірген Ақсақ араға көп уақыт салмай Қажы-Тархан, Қырыммен қоса Ресейдің Рязань, Елец қалаларын шапты. Ақсақтың арғы мақсаты қайткен күнде де Алтын Орда империясын күйрету еді. Ақсақтың ол ойы орындалды. Тарихы бір, тегі жақын бауырлас екі ел ақыры бірі-бірінің түбіне жетті. Алтын Орданың күш-қуаты кеміп, айбары мен беделін жоғалтуы – орыстардың үстемдік алуына зор мүмкіндік берді.
Сәбеттік қызыл идеология Ақсақты сол үшін жақсы көреді.
Туырлығы тілініп, жасағы қирап, рухы сынған Алтын орда ақыры құлады. Содан кейін Русь пен шығыс Еуропа көшпенділердің бұғауынан, аттыларға салық төлеп, құлдық ұрудан құтылды. Неше ғасыр Еуропа мен Азияны дірілдеткен көшпенділер империясы ақыры Қазан, Сібір, Астрахань, Қырым хандықтарына бөлініп, кезінде өздерінің табанын сүйген терістік жабайлардың табанына өздері түсіп қалды…
Тастың табылауы жайында.
«Сәтбаев» кітабында жезқазғандық С. А. Рожновтың естелігінде былай депті:
«…Шәріп екеуіміз іздеп барсақ, Қаныш Имантайұлы таңбалы тастың іргесінде көлеңкелеп отыр. Аса көңілді, бізге жайраңдай қарап: «Қане, жастар, мынаны қозғап көрелік. Алтыншоқыдан алтынға бергісіз қазына таптық білем. Меніңше, өте қымбат дүние!» – деп түсінік бергені есімде…
Енді Шәріп, мен және Қанекең үшеуіміз жабылып орнынан қозғай алсақшы. Зілмауырлығы сондай!».
Қаныш Сәтбаевтың «Алтынға бергісіз қазына» дейтіні, міне, осы таңбалы тас.
Ұларбек Дәлейұлының facebook парақшасынан