Қош бол, Универсиада! Сәлем, Красноярск!
Алматыда өткен 28-ші Қысқы Универсиада да әлем спортының тарихына ене барды. Ашылуынан бастап жұртшылыққа жақсы көңіл-күй сыйлаған жарыста ел намысын қорғаған спортшыларымыз чемпиондық атақ үшін барын салды. Жан алысып, жан беріскен бәсеке де, біреудің бабынан басқаның бағы оза шапқан сәттер де аз болмады. Бастысы, 3 мың ерікті, екі мыңдай атлет жиналған студенттер жарысы FISU тарихына жаңа бір үдеріс әкелді. Өйткені, бұл доданы алғаш рет қабылдап отырған Қазақстан басқалар үшін жәй ғана студенттер бәсекесі саналған жарысты ақ Олимпиададан кем өткізбеді. Сондай-ақ, қысқы спорттан өзіміздің кем-кетігіміздің қандай екенін де біліп алдық.
Студент жастардың спорт тойының қорытындысына келсек, Қазақстан құрамасының спортшылары 36 медальға қол жеткізді: 11 алтын, 8 күміс және 17 қола. Бұл көрсеткіш Қазақстан құрамасына жалпы есепте екінші орынға табан тіреуге мүмкіндік берді. Бірінші орында Ресей құрамасы, олар 71 медальға қол жеткізді (29 алтын, 27 күміс және 15 қола медаль). Ал үшінші орынға Оңтүстік Кореялық спортшылар жайғасты, олар осы жарыста 11 алтын, бес күміс және бес қола медальді жеңіп алды. Универсиада тарихында отандастарымыз ең үлкен нәтижеге бұған дейін2015 жылы Испанияның Гранада қаласында өткен жарыста қазақстандықтар 11 медальға қол жеткізген, оның ішінде бес алтын және алты күміс медаль жеңіп алған болатын.
28-ші қысқы Универсиада ойындарында біздің қоржынымызға алтын медальді биатлоншылар Алина Райкова мен Галина Вишневская (2), могулшылар Дмитрий Рейхард (2) және Юлия Галышева (2), шаңғышы Иван Люфт пен Анна Шевченко және де фристайлшылар Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек, мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен жеңіп алды.
Күміс медальдар: биатлоншы Галина Вишневская, Роман Еремин (масс-старт), Галины Вишневская, Дарья Усанова, Василий Подкорытов және Антон Пантова (аралас эстафета), шаңғыдан құрамалық жарыста ерлер Сергей Малышев, Виталий Пухкало, Ринат Мухин, Олжас Климин және әйелдер Анна Шевченко, Ольга Мандрика, Ирина Быкова, фристайлшы Жібек Арапбаева, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев және Қазақстанның хокейден ерлер құрамасы иеленді.
Қола медальдар: биатлоншылар Роман Еремин (спринт) және Антон Пантов (масс-старт), шаңғышы Анна Шевченко (жекелей жарыс, із қуалай жарысы және масс-старт), Анна Стоян (спринт) және Сергей Малышев (масс-старт), фристайлшы Павел Колмаков (могул, паралельді могул) және Жанбота Алдабергенова (акробатика), конькимен жүгіру спорты Екатерина Айдова (1000 метр, 1500 метр) және шорт-трекшілер Денис Никиша (500 метр, 1000 метр), Нұрберген Жұмағазиев (1500 метр) және эстафета жарысында ерлер құрамасы (Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов, Нұртілек Қажығали, Денис Никиша, Нұрберген Жұмағазиев) және әйелдер құрамасы (Ким Йонг А, Анастасия Крестова, Анита Нагай, Ольга Тихонова, Мадина Жанбосынова).
Алматы төрінде, Алатау баурайында өткен доданы абыроймен өткізген Денис Тен секілді қысқы спорттың көшбасшылары келесі жылы Оңтүстік Кореяда өтетін ақ Олимпиадада топ жаруды көздейді. Ал, келесі Универсиада Ресейдің Красноярск қаласында өтеді.
«ЕлАна»