Астанадағы баспанасыздардың жанайқайы

Кеше елордадағы «Астана» концерт залы ғимаратында қалалық әкімдіктің «Ашық есік күні» өтті. Күні бұрын телефонға хабарлама болып келген бұл «жаңалықты» ести салысымен бұрынғы «Конгресс-холға» келген ағайынның қарасы көп. Бәрінің де бас-басында жауабы беймәлім бір-бір сұрақ, шешімі табылмай жүрген күрмеулі мәселелер. Ғимаратқа кіргеннен байқағанымыз келушілердің шамамен 70-80 пайызы қалалық тұрғын үй басқармасының мамандарының үстелінің маңын үймелеп алған. Басқармалардың мамандары журналистердің сұрағына жауап беруден қашса, кейбір тұрғындар керісінше қалам ұстаған әріптестердің соңынан қалар емес.

Бізге де тұла бойын өртеген мәселелерін айтып жатқан тұрғындардың қарасы аз болмады. Мәселен, тегін жасырып қалған Айсұлу есімді жасы елуге таяп қалған қала тұрғыны:

— Мынау қалың көпшілік секілді баспанамның болмауы менің де жаныма батады. Тұрғын үй кезегінде 1700-ші болып тұрмын. Оның жылжитын түрі де жоқ. Пәтер жалдап тұрудан, шыны керек, шаршадық. Балаларым бар, немерелерім де бар. Халық санын көбейту керек дейді, үй-жайың болмаса, қалай өмір сүресің? Мамандардан мардымды жауап та ала алмадым. Оның үстіне құжынаған адамнан біреудің дауысын есту де мүмкін емес, — дейді ренжіген қалпымен. Сондай-ақ, алаяқтыққа ұрынып, үйінен, түрлі мүлкі, ақшасынан айырылған жандар да әкімдіктен көмек сұрай келіпті.

Астана қаласында туып-өскен, бүгінде «Күміс алқа» иегері, құрметті демалыстағы ана Гүлшәйда Ғиндуллақызының жағдайы тіптен өзгеше. Өз аттарындағы үйінен көз алдарында айырылып, соншама жыл әділдік іздеген ана ақыры Елбасынан екі рет көмек сұрап, үш бөлмелі баспанасын қайтарыпты. Десе де, сол іске кінәлі Бас прокуратураның 2000 жылдардағы қызметкерлері Гүлшәйданың отбасын қорқытып, біраз әуре-сарсаңға салса керек. Берекесі кеткен баспанадан ақыры сатып құтылыпты. — Менің қазір шөберем де бар. Сондай үлкен жанұя он жылдан бері пәтер жалдап келеміз. Бөлек тұратын бала-келіндерім де пәтер жалдайды. Үйдің кезегіне 2000 жылы 209-шы болып тұрсам, екі жылдан кейін бір байқағаным, бізбен қатар кезекке тұрған Сүлейменов деген азамат баспаналы болыпты. Одан басқармадағылар мені кезекке тұрмапсыз деп шығарды. Сөйтіп, 10 000-шы болып қайта тұрдым. Ол да сырғымағасын қайта жолықсам, мен тағы да үй кезегінен қағылыппын. Содан қайта кезекке тұрдым. Оның кезегі нешінші екенін айтпай-ақ қояйын. Бір анық дүние бар. Танысы барлар үйдің кезегін жылжыта алады немесе баспаналы бола алады. Әділдік мүлдем жоқ! — деп ашынған ол қала әкімі Әсет Өрентайұлының атына жазған өтінішін ала келіпті.

img_0368

Сондай-ақ, Г.Ғиндуллақызы дәл сол өтінішін Президент әкімшілігіне де жіберемін, Елбасына хатым жетсе екен дейді. Иә, күні кеше шекарасы кеңейтіліп, іргесіндегі елді мекендер шекарасына қосылған мегаполисте баспанасыз жүрген азаматтар өте көп. Бірақ ешкім де қала тұрғындары баспанамен қашан толық қамтылатынын айта алмайды. Тек бейбіт күн кешіп жүргеніне шүкір айтып, пәтер жалдап қана өмір сүре алатынына ғана көздері анық жетеді.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ