Түркияда әлемдегі ең ірі АЭС салынып жатыр

Түркияның оңтүстік жағалауындағы Мерсин провинциясында «Аккую» атом электр станциясы салынып жатыр. Келесі жылы «Аккую» атом электр станциясының бірінші реакторын іске қосады, деп хабарлайды BAQ.KZ 24KZ сілтеме жасап.
Түркия алғашқы атом электр станциясын салып жатыр. «Аккую» деп аталатын бұл нысан әлемдегі ең үлкен станция болады. Аумағы 10 шаршы шақырымнан асады. Мұнда ресейлік ғалымдардың жетекшілігімен 4 реактор тұрғызылады. Қазір 4 энергоблоктың құрылысы қатар жүріп жатыр.
Бұл станция елдің оңтүстік аймағының дамуына үлкен серпін береді. 2010 жылы Ресей мен Түркия үкіметі арнайы келісімге қол қойған еді. Құрылысты келісім аясында ресейлік «Росатом» корпорациясы 2018 жылы бастады. Құрылыс жұмыстары күндіз-түні тоқтаған емес. Шамамен 34 мың адам жұмылдырылған. Құрылыс алаңында бетон мен арматура өндіретін зауыттардан бөлек, тікұшақ қонатын алаң мен жүк түсіретін кеме айлағы бар. Сонымен қатар құрылыс басталғалы туристер тарапынан қызығушылық артқан. Себебі бұл жер саяхатшылар арасында танымал Анталья мен Аланияға жақын.
Жоба өңірдің әлеуметтік жағдайына оң әсер етті. Тіпті қалалардың келбеті өзгеріп, ұлғайып келеді. Жаңа кенттер өсіп шықты. Жұмыс орындары ашылып, осындағы кәсіпорындар өндіретін тауар көлемі де ұлғайды,- дейді «АККУЮ НУКЛЕАР» АҚ бас директоры Сергей Буцких.
Атом электр станциясы 50 жылдан аса жұмыс істейді. Демек жергілікті мамандар кемі 50 жыл жұмыспен қамтылады және ең бастысы, құрылыс кезінде жақын маңдағы инфрақұрылым дамиды. Мәселен, қазіргі таңда жаңа әуежай салынды. Туристер саны көбейді. Яғни бір атом электр станциясы Мерсин аймағының өркендеуіне серпін берді,- дейді Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов.
Станция ғимараты сыртқы әсерлерге төзімді, қауіпсіздігі өте жоғары. Ол биіктігі 10 метр болатын цунамиге, магнитудасы 9 баллдық жер сілкінісіне, тіпті оның төбесіне 20 тонналық ұшақ құласа да төтеп береді. АЭС толық қуатына шыққанда сағатына 35 млрд кВт электр энергиясы өндіріледі. Яғни Түркиядағы энергия қажеттілігінің 10%-ін немесе 15 млн тұрғыны бар Ыстанбұл қаласын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Бұл әлемдегі ең қауіпсіз нысандардың бірі болады, – деп отыр сарапшылар.
Бұл нысан 3+ технологиясы бойынша салынып жатыр. 3+ дегеніміз – Фукусимодағы апаттан кейін жан-жақты сарапталып жасалған қауіпсіздік деңгейі. Бұл жерде күрделі технологиялық процесс енгізілген. Реактордың сыртқы қорғаныш қабаты болады. Сондай-ақ балқып шыққан қоспаны ұстап қалатын тұтқышы бар. Ол іштегі заттарды сыртқа шығармайды. АЭС-тің қоршаған ортаға қаупі жоқ. Атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайды, — дейді «АККУЮ НУКЛЕАР» АҚ бас директоры Сергей Буцких.
Энергетикалық тұрғыда да тиімді. Мәселен, 3 вагон көмір беретін энергияны 3 грамм ядролық отыннан алуға болады. Алғашқы блокты 2025 жылы іске қосу көзделіп отыр. Түркия билігі атом энергетикасын барынша дамытпақ. Келешекте елдің бірнеше өңірінде станциялар салынады екен.
Түркиялық фермерлер «Аккую» АЭС қалай әсер еткенін айтып берді . Мерсин провинциясында шамамен 2 миллион адам тұрады. Бұл өңірдің қолайлы климаты әртүрлі көкөністер, жаңғақтар мен жемістер, соның ішінде банан мен цитрус өсіруге мүмкіндік береді. Табиғи жағдайлар органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға да үлес қосады.
Бұл провинция Түркияның ауыл шаруашылық экспортында маңызды рөл атқарады. Цитрус, өрік, шие, қарақат, шабдалы, слива және құлпынай жеткізеді. Қазіргі талаптар бойынша органикалық және сапалы өнімдер өндіру жағынан бұл өңір Түркия экономикасында ерекше орын алады.
«Аккую» АЭС жобасын жобалау кезінде экологиялық қауіпсіздікке және қоршаған ортаға минималды әсер етуге ерекше назар аударылған. Жергілікті фермерлер АЭС құрылысын қолдаған. Себебі өңір энергиямен қамтамасыз ету мәселелеріне тап болып отыр, әсіресе қыста электр жарығының үзілуі электр қуаты мен жылудың жетіспеушілігіне әкеледі.
Жергілікті тұрғын Мустафа Гезер мен Фикрие Сак және де банан мен цитрус өсіретін фермерлер АЭС құрылысының жергілікті ауыл шаруашылығына оң әсерін тигізіп отырғанын атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы Түркияда белсенді дамып келеді және үкімет бізді қолдайды. АЭС құрылысын бастауымен жаңа өнімдерге сұраныс едәуір артты. Қызмет көрсету сапасы, құрылыс, туризм және басқа салалардың дамуы байқалады. АЭС инвестиция тартуға көмектесіп, өңірдің дамуына үлес қосады,» — деді олар.
Жергілікті кәсіпкерлер де бизнесті кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер алды. 2022 жылы Силифкеде жергілікті жемістер мен жидектерден слайстар өндіретін кәсіпорын құрылды. Өндіріс жемістерді толық циклмен өңдеуді, оның ішінде жаңа күйінен орауға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Цитрус жемістерінің етінен құрғақ жемістер, ал қабығынан косметикалық және фармацевтикалық өнеркәсіпке арналған май жасалады.
АЭС іске қосылып, энергиямен қамтамасыз ету тұрақталғаннан кейін біз өндірісті кеңейтуді және жаңа пайдалы тауарларды ұсынуды жоспарлап отырмыз. Біздің кәсіпорынның әлеуметтік маңызы зор, себебі 70% қызметкерлер — әйелдер. Олар тұрақты табыс табуға мүмкіндік алды,- деді «Solagron» компаниясының бас директоры.
«Аккую» АЭС құрылысы өңірдің энергиямен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп қана қоймай, сонымен қатар жергілікті ауыл шаруашылығы мен экономиканың одан әрі дамуына катализатор болады. «Аккую» атом электр станциясының белсенді құрылысы басталғаннан кейін аудан экономикасы 40-50% өсті және біздің сауда-өнеркәсіп палатамызға қосылған жаңа кәсіпорындар саны 1600-ге жетті,-деді Силифке сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Нуреттин Кайнар.
Халықтың өсуі мен жұмыс күшінің келуімен 20 мың жаңа тұрғын үй салынды. Өңірдің өнеркәсібі белсенді дамып келеді. Бірақ жұмыс күшінің жетіспеушілігі байқалады. Себебі көп адамдар АЭС құрылысында жұмыс істеуді қалайды.