ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Түркістан облысында білім саласына жеке кәсіпкерлердің инвестиция салуына қолайлы жағдай жасалған. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жеке инвесторлар тарапынан салынып жатқан мектептердің саны артып келеді.
Бүгін Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан ауылында типтік үлгідегі жаңа «Болашақ ұрпақ» мектебінің ашылу салтанаты өтті. Білім ордасының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қыдыр Сейітқұл, мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, Түркістан облыстық және аудандық мәслихат депутаттары және ел ағалары арнайы қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады.
«Болашақ ұрпақ» мектебінде оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай қарастырылған. 242 орындық білім ұясында заман талабына сай жабдықталған пән кабинеттері, асхана, спорт зал, кітапхана бар. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін ғимарат бейнебақылау камераларымен толық қамтылған. Сонымен қатар мектептен 4 бағытта 4 автобус қатынайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі