ҚАЗАҚ ТІЛІН РЕФОРМАЛАУДА – АСЫҒЫСТЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ
Қазақ тілін реформалау қай бағытта жүру керек. Оның пайдасы мен зияны қандай? Қазақ тілін реформалауды кім қалай түсінеді? Бұл да қазіргі кездегі ең маңызды мәселе болып тұр?
Еске сала кетейік, 2020 жылдың қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл мәселеде асығу бүкіл мәдениет пен тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе кириллицадан латынға көшуде емес, қазақ тіліне ауқымды реформаның жүргізіліп жатқанында. Мәселенің қаржылық жағы да ескерілуі керек» деп мәлімдеген еді. Сөйтіп асығыстыққа бармау жағын да ескерткендей болған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan телеарнасына берген соңғы сұхбатында қазақ тілінің дамуын жаңа сатыға шығару, елімізде тіл реформасын жүргізу қажеттігін айтты. Дәл осындай пікірін Президент 2019 жылы да айтқан болатын. «Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіз тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды», — деп айтқан еді президент.
Мәселе кириллицадан латынға көшуде емес, қазақ тіліне ауқымды реформаның жүргізіліп жатқанында деп нақтылап та берген болатын. Ал оны бастау үшін тіл мамандары, тиісті министрліктер ұсынатын тілге қатысты ауқымды реформа тұжырымдамасы қажет екені сөзсіз.
2022 жылдың 30 наурызында Қасым-Жомарт Тоқаев Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанованы қабылдаған еді. Сол жерде көп мәселе талқыланған-тын.Фазылжанованың айтуынша, институт үш негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі, қазақ тілі тіл білімінің теориялық аспектілерін әлемдік тіл білімінің даму жағдайында зерттеу. Екінші бағыт – қазақ тілін цифрландыру, атап айтқанда, қазақ тілінің ұлттық корпусы деп аталатын электронды ақпараттық ресурс құру. Үшінші бағыт – қазақ тілін реформалау. Оның мақсаты – қазақ тілінің ғылымда қолдану аясын кеңейту.
Жалпы, тіл реформасының халықаралық тәжірибелеріне қарасақ, онда мұндай өзгерістердің негізінде жазу реформасы тұрғанын анық аңғарар едік. Мысалы, аса ірі реформаларды айтсақ, ХIV ғасырдан басталып ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін созылған ағылшын тілінің, XVII және ХХ ғасырдағы француз тілінің, ХVIII және ХХ ғасыр басындағы орыс тілінің және басқа да көптеген тілдердегі реформалар жөнінде айтуға болады. Мұндай реформа біздің тілімізде бірнеше рет болған. Олардың алғашқысы ХХ ғасыр басындағы Ахмет Байтұрсынұлының «Төте жазуымен» және емле ережелерін қалыптастырумен байланысты. Ұлт ұстазы арабтың классикалық қадым жазуын қазақ тілінің табиғатына негізделген «Төте жазуға» бейімдегенін жақсы білеміз. Ескіше жазудағы тілімізге тән емес элементтерден арылтып, жазу үлгісін де, оның ережелерін де жаңаша жасады. Бұл аса ірі реформаторлық қадам болды.
Лингвистикалық немесе ғылыми көзқарас жан-жақты тілдік реформаны жүргізуге қабілетті күшті ғалым(лар)ды болжайды. Мысалы, Михаил Ломоносов тұңғыш ғылыми орыс грамматикасы жазып, терминдер мен ғылыми сөз тіркестерін енгізді, мысалы, жер осі, қозғалыс заңдары, меншікті ауырлық, сөндірілмеген әк, ғылымға күнделікті мағынасы бар орыс сөздерінің бірқатарын енгізді, мысалы: тәжірибе, қозғалыс, құбылыс, бөлшек және т.б.
Сөзімізді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаевтың пікірімен түйіндесек: «Бір қарағанда латын әліпбиіне көшу көп уақытты алмайтын сияқты. Шындығында, ол өте ауқымды жұмыс. Себебі мұның артында қазақ тілінің тағдыры, тілге қатысты үлкен реформалар тұр. Бұл әліпбиде біз 10 жылдай болдық. Сөйтіп барып кейін кириллицаға өттік, оған өту арқылы біздің сөйлеу, жазу машығымыз өзгерді. Бұрын ц, щ, ч, ъ, ь сынды табиғатымызда болмаған әріптердің енуі арқылы – сөйлеуіміз өзгерді. Мына әріптер тіптен біздің сөйлеу аппаратымызды өзгертті. Мәселен, тамағымыздан шығатын дыбыстардың өзі өзгеріске ұшыраған. Моңғолия, Қытайдан келген азаматтардың сөйлегенін қарасаңыз, олар кез келген сөзді жұмсақ, басқаша айтады. Өйткені олардың сөйлеу аппараты бұзылмаған. Біз өзімізді дамып кеткендей көріп, қандастардың «ц» әрпіне тілі келмейді, «ю» әрпін айта алмайды екен деп жатамыз. Негізінде мәселе оларда емес, бізде болып тұр. Кирилл әліпбиінің кіруімен біздің табиғи сөйлеу аппаратымыз бұзылды» дейді ол.
Нағашыбай Қабылбек