ТІЛ САЯСАТЫН ДАМЫТУ – КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢМЕН ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Тіл саясаты – тәуелсіздік алған күннен ел дамуымен қатар жүргізіліп келеді. Қаншама игі істер істелді. Бірақ әлі де тіл мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Оған мемлекеттік тілге деген енжарлық, балаларын өзге тілде оқытуға деген құштарлық кінәлі! Әрине мемлекеттік тіл мәселесі отбасынан, балабақшадан содан кейін мектептен бастау алады. Елміздегі ресми мәліметке сүйенсек, Биыл Қазақстанда 11 109 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде, қазақтілді мектепке дейінгі ұйым — 7342, орыстілді — 1609, ал екі тілді ұйым саны — 2158.

Былтыр 120 мыңнан аса түлек мектепте қазақ тілінде білім алған. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы статистикамен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Кейінгі 3 жылда қанша оқушы қазақ тілінде білім алған? Қазақстанда қанша қазақ тілді мектеп бар?

Оқу-ағарту министрлігінің статистикасы бойынша, биылғы оқу жылында 120 439 түлек мектепте қазақ тілінде білім алған. Былтыр бұл көрсеткіш бойынша, 117 088 оқушы болса, бұдан 2 жыл бұрын, 2020-2021 оқу жылында 111 183 түлек мектепте қазақ тілінде оқыған. Бұдан 10 жыл бұрын, 2013 жылы мектепті қазақ тілінде 82 947 түлек бітірсе, 30 жыл бұрын, 1993 жылы мектеп оқушыларының 37 пайызы ғана қазақ тілінде оқыған. Міне мұның барлығы тіл саясатының асықпай, жүйелі жүргізіліп жатқанының пайдасы. Түсінікті болу үшін айта кетейік, тіл саясаты дегеніміз – тілдің құрылымына, қызметіне және қолданылу аясына әсер ететін саясат механизмі. Ғылыми термин ретінде өткен ғасырда қолданысқа енгенімен, бағзы заманнан бастап адамдардың қарым-қатынасы мен ойлауы үшін қолданатын маңызды құрал тілмен (жазумен) қатар өмір сүріп келеді. Саясаттың құралы әрі объектісі ретінде әзірленеді, түсіндіріледі, қолданылады және жүзеге асырылады. «Этнография және тіл саясаты» еңбегінің авторы Т.Маккарти айтқандай, «Тіл саясаты – күрделі әлеуметтік-мәдени процесс». Расында да қаншама жыл болды тіл саясаты өзінің күрделі әлеуметтік-мәдени процесс екенін көрсетуде. Сөйте тұра елімізде көптеген жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты: қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып табылады. Қазақ тілін оқыту курстары ашылуда.

Республикада 111 мемлекеттік орталық (негізгі орталықтар – 84, филиалдар – 27) жұмыс істейді, онда ересек тұрғындарды қазақ тіліне оқыту тегін жүргізіледі. Орталықтардың тізімімен келесі сілтеме бойынша танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/language/documents/details/443373?lang=ru

2022 жылы Ақмола, Атырау, Жамбыл облыстарында 3 жаңа орталық ашылды. 2022 жылы қазақ тілі курстарын 41325 адам тәмамдады. 2011 жылдан бастап курс арқылы қазақ тілін оқыған адамдардың жалпы саны 700 мыңнан асты.Қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін «Tilqural.kz», «Abai.institute», «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Soyle.kz», «Bala.soyle.kz», «Qazonline», «Ana tili» қосымшалары жұмыс істейді.

Қазақ тілін меңгеру деңгейі «Қазтест» жүйесі бойынша анықталады. 2022 жылы диагностикалық тестілеуден 12000 адам өтті. «Қазтест» жүйесі енгізілген сәттен бастап (2006 жылдан бастап) тестілеуге қатысушылардың жалпы саны 452 671 адамды құрады.

Қазақ тілін білу деңгейін www.kazakhtest.kz ресми сайтына өтіп, тексеруге болады.

Нағашыбай Қабылбек