Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлер
Қазақ салт-дәстүрге бай халық. Әйтсе де қазіргі уақытта көп жерде қолданылмай, ұмытылып бара жатқан дәстүрлер бар. Оларды атап кетсек
Әмеңгерлік
Әмеңгерлік – күйеуі қайтыс болып, жесір қалған әйелдің қайын ағасына немесе қайын інісіне, болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Қазақ қоғамында ерте заманнан бұл қағидаға айналып, заң нормасы ретінде қалыптасқан. «Аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра», «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген мәтелдер осы дәстүрдің куәлігі іспетті. Егер әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған бала да, мал-мүлік те берілмей, тек өз қалауымен күйеуге шығу еркі ғана берілген
Үме
Қазақстанның кей жерлерінде, көбіне маусымдық шөп шабу кезінде үмеге шақыру дәстүрі болған. Көмекке келгендерге берілетін ас «үме» деп аталған. Үмеге жақын туысқандар мал беріп, қымызынәкеліп, тағы басқа көмегін көрсеткен. Үме кезінде ұйымдастырушылар тарапынан шөп шабындығына үй тігіледі де, ас әзірленеді. Ас ішіліп, желінгеннен кейін аяқ жағы той-думанға ұласқан.
Бәсіре
Шаңырақта ұл бала дүниеге келгенде сол күндері туған құлынды немесе ботаны «нәрестенің бәсіресі»деп атау салты болған. Қазақ халқының ұғымында дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды.
Аушадияр
Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Аушадияр деп аталатын бұл жырдың үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Қазір Қазақстанда аушадияр айтылмайды.
Балдыз қалың
Қалың малы төленген қалыңдық қайтыс болған жағдайда қазақ дәстүрі бойынша қалыңдықтың сіңлісін (балдызын) алу кезінде төленетін қосымша қалың мал балдыз қалың деп аталады. Күйеу қайтыс болған қалыңдығына ұрын барған болса ғана бұл ақы төленеді. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса, балдыз қалың төленбейді. Балдыз қалың – күйеудің балдызын алу үшін бұрынғы қалың мал үстіне түйе бастаған тоғыздан тағы да қалың мал төлеуінің атауы.
Деңгене
Көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт алдымен түсетін үйін сайлап алып, сол үйдің жанына барып «Деңгене! Деңгене жеуге келдік» деп айғайлайды. Ал үй иесі бұл сөзді естіген соң, семіз бір қойды сойып, етін түгел қазанға салдыртады. Деңгене дәстүрі бойынша келген жігіттер сол қойдың етін түгелімен жеп, сорпасын ішуі керек. Тауыса алмаса, бір қойды екі қой қылып қайтаруға мәжбүр болған.
Сыралғы
Сыралғы – олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан немесе саятшыдан кездескенде сұралатын дәстүрлі, кәделі жол әрі ырым. Мәрт аңшылар мұндайда «сыралғы» сұрағанның сөзін жерге тастамайды. Бірақ атып алған аң сыйлыққа жатпайды.
Сірге мөлдірету
Күздігүні бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші-қолаңды шақыру кәдесі. Бие ағытар күні берілген қымызды «сірге мөлдіретер» дейді. Бұл дәстүрді өткізу үшін ауылдың ақсақалдары және аналары шақырылады. Ал олар риза болып, алғыс айтады, бата береді. Кейбір аймақтарда бұл дәстүрді басқаша «сірге жияр» деп те атайды.