Өңірлендіру қағидаты: Қазақстан Қытаймен сауда-инвестициялық ынтымақтастықты күшейтпек
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Хунань провинциясында болып, Хунань өңірінің губернаторы Мао Вэйминмен кездесті. Тараптар сауда, инвестиция, ауыл шаруашылығы және өндіріс саласындағы одан арғы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.
Кездесуде министр Арман Шаққалиев Қытай Қазақстанның негізгі өткізу нарықтарының бірі және серіктесі болып қала беретінін атап өтті. Қазақстандық делегация құрамында 2024-2025 жылдарға арналған өнімді жеткізу шарттарын талқылауға дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші отандық компаниялар да болды.
Министр сондай-ақ екі ел арасындағы инвестициялық байланыстар да жақсы дамып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы Қытай Қазақстан экономикасына $1,4 млрд-қа жуық тікелей инвестиция салды. Негізінен құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі сияқты салаларды дамытуға бағытталған.
Өз кезегінде провинция губернаторы Вэймин мырза қытайлық компаниялардың металлургия, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, машина жасау, энергетика салаларында жұмыс істеуге қызығушылығы жоғары екенін айтты.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Хунань провинциясы арасындағы сауда мен инвестиция көлемін арттыруға ниетті екендерін жеткізді.
Сондай-ақ ҚР Сауда және интеграция министрі Қытайдың Хунань өлкесінің Чанша қаласындағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, қытайлық компаниялар тарапынан ұсыныстарды тыңдады.
Шетелден инвестиция тарту үшін Қазақстанда жасалып жатқан қолайлы жағдай туралы айтты.
Чанша қаласындағы Zoomlion Heavy Industry Science & Technology Co. Ltd басшысы Ло Кай Қазақстанда жоғары технологияларды қолдана отырып, арнайы техника өндіру саласында бірлескен кәсіпорын құруға ниетті екенін хабарлады.
Сондай-ақ түсті металдарды импорттауға дайын тау-кен өнеркәсібі саласындағы өнеркәсіп компанияларымен, Hunan Grain & Oil ірі ауыл шаруашылығы корпорациясымен де кездесулер өтті.
Жасұлан Бақытбек