Игілігі мол Бағдарлама
Елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өңірлерде түсінік жұмыстары жүргізіліп, ауыл халқының жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасалуда. Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауданының өзі аталмыш бағдарлама аясында үлкен тәжірибе сынағынан өтіп, нәтижелі жұмыстарға қол жеткізіп отыр.
Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, маңызды бағдарлама аясында бәйтеректіктер жаңа кәсіп ашып, өндірістік кооперативтер құрып, ауыз толтырып айтарлықтар істер атқарылған. Бастапқыда игілігі мол жобаның мақсат-міндеттерін түсіндіру бойынша 22 округтегі тұрғындармен бірнеше мәрте кездесулер ұйымдастырылып, жеңілдетілген несие беру, лизингтің жаңа мүмкіндіктері және халықтың табысын арттыруға бағытталған басқа да құралдар туралы ақпараттық жұмыстар жүргізілген. Мамандар тарапынан тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарына жауаптар берілген. Тіпті жекелеген ниет білдірушілермен де жұмыстар жасалған.
Нәтижелі жұмыстарға тоқталар болсақ, бағдарлама аясында 2023 жылы Бәйтерек ауданы бойынша 135 несие алушыға 983,1 млн. теңге берілген. Бұл жобалар өсімдік, құс, мал шаруашылықтарын, шағын бизнесті дамытуға,ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құруға бағытталған. Сонымен қатар ауданға қарасты Макаров, Махамбет, Переметный ауылдарында төрт техникалық қызмет көрсету стансасы, бір дәріхана іске қосылып, ағаш көмірін өндіру сияқты кәсіптердің ашылуына мүмкіндіктер жасалған. Өзге де бірқатар елді мекендерде тігін цехтарына, ара шаруашылығына, дәнекерлеуші цехқа, жартылай фабрикаттарды өндіруге, кілем жууға, нан өнімдерін пісіруге, жылыжайға, асханаға, дүкенге арналған жабдықтар; ауыл шаруашылығына, өндіріске қажетті техникалар сатып алынған.
Бірлесіп жасаған істің берекелі болары сөзсіз. Осындай қағиданы ұстанған бәйтеректіктер ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігу арқылы да көптеген жұмыстар атқарған. «Ауыл аманаты» бағдарламасының қабылдануы да бұл жұмыстардың нәтижелі жүргізілуіне үлкен серпін берген десек, артық айтпаймыз. Басқасын айтпағанда, биыл жыл басынан бері атқарылған нақты жұмыстардың өзі – бір төбе. Мысалы, сүт өндірумен айналысатын, құрамында 380-дей мүшесі бар «Батыс сүт» кооперативі «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 120 миллион теңге айналымдық қаражатпен қаржыландырылған. Ал Макаров ауылдық округіндегі «Аманат-2022» өндірістік кооперативі лизингтік қаржымен 26 миллион теңгеге қаржыландырылып, оған «Беларус-920» тракторын қосымша құрал-жабдықтарымен бірге сатып алған. Сондай-ақ осы ауылда жұмыртқа өндірісін көбейту мақсатында аталмыш бағдарлама аясында салынып жатқан 10 мың басқа арналған тауық фермасының құрылысын керекті жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында «Ақжайық» ӘКК арқылы тағы 52 миллион теңгеге қаржыландырылған. Сонымен бірге өсімдік, бақша егумен айналысатын шаруашылықтарды біріктіріп, жұмыс жасау жүйесіне де тұрғындар тарапынан қызығушылық бар екенін білдік. Макаров ауылы бойынша 15 көкөніс, бақша егетін шаруашылықтың 8-і АШК мүшесі болып тіркеліп, олардың қатары бүгінде 96-ға жеткен.
Көшім елді мекенінде құрылған «Колесово» өндірістік кооперативі сүтті мал шаруашылығымен айналысу үшін 20 миллион теңгеге қаржыландырылып, оған 28 бас мал сатып алған. Лизингтік техника алу үшін бөлінген 60 миллион теңгеге «Zoomlion» тракторларының үш түрін қосымша құрал-жабдықтарымен қоса алған. Бұл кооперативке төрт шаруа қожалығы қосылып, жалпы мүшелерінің саны 139 адамды құраған. Ал сүт өнімдерін өткізумен жұмыстанатын «Зеленов сүт» АШК мүшелерінің саны 71-ге жеткен екен. Демек, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүшелері бірлескен еңбектің жемісін көріп отырғаны анық.
Бүгінгі күні тағы да 587 677 000 мың теңге 57 өтінім мақұлданған. Бұл қомақты қаржыға да аудан көлемінде жүйелі жұмыстар жасаларына сенім мол. Бәйтеректіктер әлі де мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, құс шаруашылығын дамытуға ниетті. Сонымен қатар өзге бағыттағы кәсіпкерліктердің де көкжиегі кеңейетін күн алыс емес.
Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберіндегі бағдарлы жұмыстардың бірі – Ақтөбе, Жамбыл облыстарының тәжірбиесі негізінде тауарлы кредиттер арқылы әлеуметтік әлжуаз топтарға көмек көрсету. Бұл бағытта Бәйтерек ауданында алғашқылардың бірі болып Мырзалы Нұғыманов деген аталған санаттың өкілі сол облыстағы шаруашылықтардың бірімен келісімшарт жасасып, екі бас ірі қара алған. Ауданда аталған жұмыстар бойынша мүмкіндігі бар шаруашылықтармен түсінік жұмыстары жүргізілуде.
Осындай іргелі істерімен үлкен тәжірибе жинақтаған Бәйтерек ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халық алыстан іздеп сабылмайды. Барлығы өздерінде бар. Сондай-ақ 2023 жылдың өзінде ауданға бір мыңға тарта мал кіргізілсе, оның жартысына жуығы – еліміздің әр түрлі өңірлерінен келген асыл тұқымды сүтті малдар.
Бұл бағытта құрылған жобалық кеңсе де тұрақты жұмыс жасап тұр. Көршілес аудандар бәйтеректіктерден үлгі алып, тәжірибе алмасып келеді. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көрген Бәйтерек ауданының азаматтары берілген мүмкіндікті сәтімен жүзеге асыруға болатынын дәлелдеп отыр.
Ләззат Қажымова, Батыс Қазақстан облысы