Тарихын ұмытпаған ұтады
Туған ұлтының тарихын оқып-білмеген әрбір адам өсіп-өркендемейді және алға қарай қадам баса алмайды. Өскелең ұрпақты тарихты танып-білуге тәрбиелеу керек. Негізі тарих шындықтан алыстамауы тиіс. Өтірікке құрылған, бұрмаланған тарихты ұсынып, халықты шатастырып береке таппайсың. Шындық ерте ме кеш пе, бәрібір қалқып бетіне шығады. Халық үшін шыншыл да әділ тарих болуы керек. Өз тарихын білген, оқыған азамат дұрыс ойлап, оң шешімдер қабылдай алады. Сондықтан тарих оқиғалар мен өткен өмір бейнесі, сипаты ғана емес. Ол – саясат, ол – сенім, ол – отаншылдық. Елінің шындық тарихын білген азамат өз отаншылдық бағытынан адаспайды. Яғни туған еліне, жеріне адал қызмет жасайтын нағыз азамат болып қалыптасады. Біз тарихты білгенде өз халқыңның басынан кешкен барлық қиындықтарын, жеңілістерін, қателіктерін, кемшіліктері мен қайшылықтарын да қабылдай білуге міндеттіміз. Сондай-ақ ел тарихында жарқын өмірдің табыстары мен жеткен жетістіктері, жеңістері де баршылық.
Кез келген халық өз ғұмырын соғыссыз тыныштықта, еңбек етіп, білім алып, бейбітшілікте өткізуге тырысады. Дегенмен де дамушы елдер қатарындағы әлсіз, артта қалған халықтар ұдайы өсіп-өркендеген озық мемлекеттердің қанауына түсіп, зорлық-зомбылығын көріп келеді. Сондықтан тарих үнемі соғыс пен шайқас, үстемдікке қарсы тынбай күрестерден тұратын уақыт жылнамасы десе де болады. Осы жағдайлардың барлығы Қазақ елі мен қазақ ұлтының тарихына да қатысты. Әлемде болып жатқан қиыншылықтар мен қайшылықтарды біздің қазақ елі де басынан өткерді. Қазақ ұлты өз өмірінде сыртқы елдердің шайқастарын, зорлық-зомбылықтарын көрді. Олармен күресті. Жеңілістерге ұшырап, миллиондаған адам шығыны болды.
Ел тарихын нағыз шыншылдық тұрғысынан жазу, зерттеу мәселесін мемлекетіміз қолға алуда. Қаншама ақтаңдақтардың беті аршылды. Сталиндік репрессия құрбандары, қазақ еліндегі қолдан жасалған ашаршылық, ұлы Отан соғысы, желтоқсан оқиғасы сияқты біраз тарихи оқиғалардың ақиқаты жазылып, жарияланды. Саясаттанушы С. Борбасовтың айтуынша, «Қазақстан тарихының негізгі мәселесінің барлығын жасыратыны жоқ осы кезеңге дейін Ресей тарихына бағынып, сонымен байланыстырып келдік. Міне осыдан барып Қазақстанның әлемдегі өз орны, ежелгі тарихы дұрыс, әділ бағаланбады. Бұл біздің үлкен қателігіміз еді. Тіпті қазақ ұлтының этногенезін халыққа дұрыс жеткізе алмадық. Қазақтың этникалық бірлік ретіндегі өмір сүруін XIV-XV ғасырлармен байланыстырып келдік. Қазақстан жерін осы дәуірге шейін түрлі тайпалар мен халықтар одағы мекендеді. Біз қазақ этносы он шақты тайпалық одақтарының бірігуінен пайда болған деген пікір қалыптастырдық. Орыс халқының ІХ-Х ғасырдағы қалыптасуынан 3-4 ғасырға кейінге шегеріп, «олардан кіші», «олардан төмен» екендігімізді айғақтап, жасқаншақтық таныттық. Өзіміздің этникалық құрылым ретіндегі бастауымызды батыл айтып, тарихымызға енгізе алмадық. Бірақ бұл тарихи ақиқат емес еді. XIV ғасырға дейін-ақ Қазақстан жерінде өмір сүрген халықтардың қазіргі қазақ тілінде сөйлеп, олардың әліпбиі болғандығы, мемлекеттігінің мықтылығын, күш-қуатын көрші халықтардың өзі XIV ғасырға дейін-ақ мойындағаны туралы деректерді археологиялық артефактілерден, қытай, парсы, египет, т.б. жазба деректерден көруге болады. Қазақ халқы түркі этносының құрамында болып, Ұлы Түркі қағанатына өмір сүріп, әлем халықтарының көшінде белсенді қызмет атқарған. Түркі халықтары Ұлы Жібек жолы бойымен көшіп отырып, ұлан-ғайыр Еуразия континентін Алтайдан Жерорта теңізіне дейінгі территорияда емін-еркін көшіп жүрген. Бұл Ұлы көште шығындары да аз болмаған. Осыдан-ақ қазақ этносының тарихы Қазақ хандығының құрылуынан да ерте басталғанын байқаймыз».
Сондықтан әрбір қазақ елінің азаматы, мен қазақпын деп кеудесінде жүрегі соққан әрбір жан өз ұлтының тарихымен жете танысып, қайдан шыққанын және өткені қалай болғанын біліп, түсініп жүрсе жаман болмас еді. Өйткені кешегі өткен өмірдің бәрі тарих, ақиқат. Оны өмірдің бетінен сызып тастай алмайсың. Шындықтың бетіне тура қараған жөн болар еді. Тарихын ұмытпаған ұтады.
Шаргүл Қасымханқызы