Мемлекеттік рәміздер туралы не білеміз?
Қазақстан Республикасында 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні деп жарияланды. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданған еді. Осы Заңға сәйкес елімізде жыл сайын мерекеленіп келеді. Мемлекеттік рәміздер белгілі бір мағына берерлік өзара үйлесімде орналастырылған жанды-жансыз заттардың бейнелерінен құрастырылған. Мұндай бейнелер үйлесімінен мемлекеттің, елдің арман-мұраты, өзін-өзі түйсінуі байқалады.
Мемлекеттік рәміздер көне замандардағы ру-тайпаны қорғаушы болып есептелетін тотемдік аң-құстың бейнелерінен, рудың, әулеттің мал-мүлкіне салынған ен-таңбаларынан шыққан. Мыңдаған әскерлер соғыс майданында жаудан өз сарбаздарын ажырату үшін айырым белгілерін пайдаланды. Ортағасырлық Батыс Еуропада бет-жүзіне дейін темір сауытпен қымталған рыцарьлардың кім екенін айыру қажеттілігінен ақсүйектердің әулеттік таңбасы пайда болды. Одан бұрын көптеген көне қалалардың, қала-мемлекеттердің өз таңбалары болғаны тарихтан белгілі. Б.з.б. 3-мыңжылдықта Шумер мемлекеттерінің арыстан басты қыран бейнеленген таңбалары болған. Грекиядағы Афины үкісі, Коринфтің қанатты пырағы, Родостың раушаны, Самостың тауыс құсы , Византияның екі басты қыраны мемлекеттік рәміздерге кіреді.
Өзін көк бөрінің ұрпағымыз деп санайтын түркі жұрты бөрінің басы бейнеленген көк байрақ ұстаған. Қазақ халқында әрбір рудың мал-мүлікке салатын өз таңбасы болды. Соғыс жағдайында межелі жерге әрбір рудың жасағы өз руының таңбасы салынған байрақ ұстап, хан туының астына жиналатын болған.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны
Бұрындары «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Рәміздер туралы заңнама
1993 ж. Қазақстан Конституциясы бойынша «Республика азаматы мемлекеттік рәміздерді – Елтаңба, Ту, Әнұранды құрметтеуге міндетті» (31-бап). 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін, 1996 жылдың 24 қаңтарында президентті Жарлық ретінде республиканың рәміздері туралы бірыңғай Конституциялық заң шығарылды. Ол 2007 жылдың 4 маусымында жаңа «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңға ауыстырылды.
Қылмыстық кодексте мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін жауапкершілік белгіленген:
317-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қорлау
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қорлау – бір мыңнан екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
— Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі[1]
Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде айрықша бағаланып, оларға биік мәртебе беріледі. Осыған орай мемлекет азаматтарға мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді. Олардың түр-түсі мен ресми қолданылу тәртібі Конституцияда немесе конституциялық заңда бекітіледі (бұл Мемлекеттік рәміздерге биік мәртебе береді) және заңмен қорғалады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді күшейтіп, жастардың отансүйгіштік сезімін нығайтады.
Шаргүл Қасымханқызы