ЖАҺАННЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

Биыл Ұлы даланың ұлы перзенті Әбіш Кекілбайұлының туғанына 85 жыл толды. Атаулы датаға орай тау тұлғаның туған өлкесінде «Әбіш Кекілбайұлы оқулыры-2024» атты Халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция өтіп жатыр. Осы қарсаңда «Әр қазақ менің жалғызым» деп жырлаған көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Президент сыйлығының иегері, Құрмет орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Сабыр Адайдың «Жаһанның жарық жұлдызы» атты өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

ЖАҺАННЫҢ  ЖАРЫҚ  ЖҰЛДЫЗЫ

(Әбіш Кекілбайұлына  85 жыл)

*Әбіштің жолы – мейірімнің, өнегелі тірліктің, ұлттық ұстанымның, өркениеттік сана мен тылсым тарихтың, еңбек пен білімнің патшалығына апаратын жол. Әбіштің әлемі – адамзат аңсап жүрген рухани жұмақтың әдебиеттегі тұнбасы!

                                                    Автор

Жер түбінде бір аймақ – Маңғыстау деген Түбек тұр,

Үркерге басын  сүйеп тұр, үрлеген самал үдеп тұр.

Көк түбінде көзайым, жеті қат аспан тербеген,

Күн менен талас көргенге, Әбішке біткен жүрек тұр.

 

Жүрек тұр анау ғарышта, тілегін  тілеп елінің,

Ағаларым құлақ түр, тілектес болсаң кел,Інім!

Көшкен бұлтта – өмір бар, сары сағым – сағыныш,

Ботасын іздеп боздаған даланың қара желінін.

 

Ыңырсыған дала тұр, толғағы тоқсан түйін бе?

*Нұрымнан қалған жырым ба, *Абылдан қалған күйім бе?

Әбішті туған бұл халық, әріден ойлап тон пішер,

Не айтамыз біз байғұс алқалы топ, дүйімге?..

 

Жаратушы бір Алла! Өлеңім — күміс сандығым.

Жатырсың ба Қаранар, жасырып өткен жан мұңын.

Дүние тегіс, күллі әлем, көмейің қоңырау, тілің бал,

Сіздей — ақ болар әулие — айтып өткен барлығын.

 

Көмейіңде мың бұлбұл, кеудең бір кербез ,қия шың,

Ақ парақтың кеппеген көзіммен іштім сиясын.

Дананың жолы -даңғыл-ды, Тәңір алды біз көндік,

Сөйтіп жүрген ағаны өлімге қалай қиярсың.

 

Лүпілдеген ақ жүрек, нұрланған дидар, кемелім,

Бекетке сүйеп арқасын, ен жайлаған ел едім.

Жан ағам Әбіш барында жан түспеген алдыма,

Жүк көтерген нар едім, қайыспайтын бел едім.

 

Қазаққа біткен зергерім, тылсымға салған тамырын,

Жаныңмен сүйдің жан аға, сәулелі күннің жарығын.

Алладан бұйрық болған күн кім қалар дейсің жалғанда,

Сыйғызар сосын ғаламды қауызына тарының.

 

Әбіштің аты – мейірім, кеңшілік пенен даналық!

Ұсынып жүрді қолымен: У бергенге, бал алып.

Дүние деген – бір көкпар, тағдырың талау – көксерке,

Иттің тісі балақта, жау жағалар жаланып.

 

От пенен суды көп кештің, жә, жақсы, бәрі өткен-ді,

Адамзаттың Әбіші — шалқыған көңіл көктем-ді.

Парасат пенен пайымдап, қазиналы көп тарих,

Ұлтқа біткен ұлы жол: Сен сөйлесең өктем -ді.

 

Ойшылдар басын иетін: «..Айтқан сөзі нақ!..» -десіп,-

Дәуірге біткен білімдар, маңдайға біткен бақ» — десіп.

Таңдайыңнан сорғалап ақ уыз тілі — Қазақтың,

Әуезің сенің бейіштен, әлдилеген ақ бесік.

 

Жұлдызың көктен әріде,қайырлы болсын қадамың,

Қайырып көрген жан емес,жақсы мен жастың талабын.

Күреңітсең бұлт едің, күндескен жаудан сырт едің,

Көз жанарың боталап, мінезіндей баланың.

 

Бейбіт күннің бесігін тербеткенің тектілік,

Тыныштықтың тұмарын биязы сөйлеп кетті іліп.

«Сабырдың түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа..»,

Көтеріліп шаппады «көрінгенді» еп біліп.

 

Боз жусанды Маңғыстау, бетеге бойлы белесім,

Ғалымның хаты өлмейді, тірілер басқа не десін…

Әр кеудеде – бір ғалам, дүние – дүбір, шырғалаң,

Желкендеп жүр, желігіп, *Нухының зайыр кемесін.

 

Қаратаудың бойында шөккен де нардың құмы бар,

Қара бұлттың ішінде қайғы мен шер, мұңы бар.

Шағылдың бойы ақ парақ,тоңазып жүрсең кел бізге,

Әбіштің аппақ ізі бар, біліп қой, қалқам, мұны да ал!..

 

Жаһанның жарық жұлдызы – Әбішім, Темірқазығым!

Он екі перне, қос ішек, жаныңның жұмбақ сазымын.

Салауат – сауап, дұғадан, Халық пен Хақтан — мың алғыс,

Алашқа біткен абызым!

 

САБЫР АДАЙ

Ақтау қаласы

Ескерту:

*Әбіш -Әбіш Кекілбайұлы

*Нұрым – Нұрым Шыршығұлұлы

*Абыл – Абыл Тарақұлы

*Нухы – Нұх пайғамбар